Қазақстан азаматтарына үндеу!
Қазақстандық 150-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен бас редакторларын біріктіретін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдайды. Негізгі бағыты елдегі БАҚ нарығын ұдайы дамытуға нақты жағдайлар жасау болып табылатын Клуб қазақстандықтарды Қазақ елін дамыған мемлекетке ғана емес, сонымен бірге беделді аймақтық державаға айналдырған Көшбасшысына сенім артуға шақырады. Тәуелсіздік жылдары экономикалық өсу және саяси модернизациялау тұрғысында Қазақстанның қол жеткізген табыстарын әлемдік қауымдастық толығымен мойындап отыр. Жоғары деңгейлі даму қарқыны, толыққанды энергетикалық мүмкіндіктер мен ресурстық база, дамыған адамдық капитал, медицина мен ғылыми саладағы инновациялар, негізі орнықты азаматтық қоғам Қазақстанның өз болашағына нық сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
Қазақстандық медианарық мемлекетпен бірлесе жедел дамуда. 2,5 мың белсенді республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайыздан астамы бүгінде мемлекеттік емес болып табылады. Нарықтық реформалар БАҚ-тардың сандық әрі сапалық өсуіне қол жеткізді. Масс-медианың даму қарқыны жағынан Қазақстан бүгін Орталық Азияда алдыңғы орынға ие. Бұған отандық медианарықтың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, бұқаралық ақпарат құралдарын экономикалық тұрғыдан қолдауға бағытталған іс-шаралар мол әсер етті.
Елімізде азаматтық қоғам институттары да белсенді қызмет атқаруда. Бүгінгі күні Қазақстанда әлеуметтік саланың түрлі бағыттарын қамтыған 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Осылардың барлығы мемлекеттің және оның Көшбасшысының демократия принциптеріне және құқықтық қоғамды дамытуға ынталы екендігінің куәсі іспетті.
Еліміздің үдемелі-инновациялық дамуы, экономиканың жекелеген секторларының және республика аймақтарының ортамерзімдік даму бағдарламалары, мемлекеттің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары - мінеки шешімдері өскелең ұрпақ тағдырына мейлінше әсер ететін осындай бір жаңа міндеттерді Қазақстан тәуелсіздігінің үшінші онжылдығы қарсаңында өзінің алдына қойып отыр. Осы ретте, беделді халықаралық сарапшылардың жиі ауыздарына алатын «Қазақстандық ғажайып» сынды үлкен жетістік «Назарбаев феноменімен» тығыз байланысты екендігін айтқан жөн.
Бірлік, тұрақтылық, қалыпты даму тәрізді біздің еліміздің маңызды жетістіктерінің кепілі әрі идеялық тұрғыдан дем берушісі тек Президент болып табылады.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі атынан біздер, яғни Қазақстан журналистер қауымдастығының өкілдері, еліміздің дамуының белгіленген сара жолынан ауытқымауының мәнін және маңыздылығын түйсіне отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысты қолдауға шақырамыз.
Астана, 13 қаңтар, 2011 жыл.