"Бас редакторлар" клубының мүшелері АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісімен кездесті
15:37, 21 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіретін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ричард Хоугландпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның барысында тараптар аталмыш клуб пен АҚШ-тың еліміздегі Елшілігі арасындағы өзара ынтымақтастықты жолға қойып, оны дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуде Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Қазақстандағы демократияны дамыту, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына енгізілген түзетулер, сондай-ақ қазіргі таңдағы өзекті халықаралық проблемалар туралы пікір алмасылды. Кездесуді ашқан «Бас редакторлар» клубының президенті Ерболат Күнбаев клуб атынан елшіні Барак Обаманың АҚШ-тың 44-ші президенті болып қызметке кірісуімен құттықтады. Содан кейін Р. Хоугландқа бас редакторлар клубының міндеттері мен мақсаттары туралы кеңінен ақпарат берді. «Қазіргі таңда клубтың 70 мүшесі бар. Біз мемлекет қайраткерлерімен, әртүрлі ауқымдағы шенеуніктермен кездесіп, бейресми жағдайда түрлі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Клубтың негізгі міндеті журналистік қоғамдастықты біріктіру болып табылады», деді клуб президенті. Осы орайда ол клубтың өкілдері еліміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына еніп, оған белсене атсалысқанын атап көрсетті. Бұдан бөлек клуб «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына да белсене атсалысып жатыр. Сөз арасында М. Күнбаев елшіге АҚШ-тың жетекші журналистерін Қазақстанға шақырып, шеберлік сабақтарын өткізу, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасу туралы ұсыныс жасады. Өз кезегінде Р. Хоугланд мұндай кездесу жеке басы үшін аса пайдалы екендігіне тоқталып, елшілік «Бас редакторлар» клубымен ынтымақтастықты жолға қойып, дамытуға бейіл екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар ол Елшіліктің жұртшылықпен байланыс бөлімінің жұмысы туралы мол ақпарат берді.