Бас жоспар бекітілді: Қонаев қаласында саяжайлар бұзыла ма

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Кейінгі уақытта Қонаев қаласындағы саяжай тұрғындары арасында жаңа Бас жоспардың бекітілуіне байланысты «үйлер сүріледі» және «жер учаскелерінің нысаналы мақсаты өзгереді» деген сұрақ пен уайым күшейген.

Фото: Қонаев әкімдігі

Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі құжат жөнінде түсініктеме беріп, саяжай алқаптарының алдағы даму жоспарлары туралы мәлімдеме жасады.

Қонаев қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №800 қаулысымен бекітілді. Әкімдік мәліметіне сәйкес, Бас жоспардың бекітілуі жер учаскелерінің нысаналы мақсатының автоматты түрде өзгеруіне, меншік құқығының тоқтатылуына немесе аумақты босату міндетінің туындауына әкелмейді.

Фото: Қонаев әкімдігі

- Бүгінде «Қапшағай Алтын Алма» кооперативі аумағындағы үйлерді бұзу көзделмеген. Жер учаскелерін алып қою да жоспарланбаған. Үйлерді бұзуды, аумақты жаңартуды көздейтін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жоқ. Сондай-ақ аталған саяжай алқабында құрылыс жүргізуді жоспарлап отырған нақты инвестициялық жобалар мен инвесторлар да жоқ, - деп түсіндірді Қонаев әкімдігінен.

Сонымен қатар Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы екі түрлі құжат екені атап өтілді.

Фото: Қонаев әкімдігі

Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Руслан Алтыбаев құрылыс түрлері мен ғимараттардың қабаттылығы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) әзірлеу кезінде қарастырылатынын хабарлады. Әзірге Қонаев қаласы бойынша ЕЖЖ әзірленбеген және бекітілмеген. Оның айтуынша, аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуі өзгеріссіз сақталады деп жоспарланған.

Фото: Қонаев әкімдігі

Қала әкімдігі бүгінде қала шекарасын нақтылау жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оны жыл соңына дейін дайындау және рәсімдеу жоспарланып отыр.

- Ең бастысы: бүгінгі таңда «Қапшағай Алтын Алма» кооперативі аумағындағы үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою немесе аумақты инвесторларға беру туралы шешім жоқ. Бас жоспардың бекітілуі тұрғындар өз жер учаскелерін босатуы тиіс дегенді білдірмейді, - деп нақтылады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Қонаевта 1,76 миллиард теңгелік казино сатылымға шығарылды.