«Басеке» атты жаңа отандық комедиялық телехикая желтоқсанда жарыққа шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша «Бас продакшн» студиясы «Басеке» атты жаңа комедиялық сериал түсіріп жатыр.

Оңтүстік өңірде қазір «Басеке» кинотуындысы түсірілімінің қызған шағы. Сценарий бойынша алақандай ауылға екі миллионер келеді. Яхта, көлік, ұшақпен қатынап, жерге табаны тимейтін қалталылардың өмірі де қас-қағымда құбылып сала берді. Дәулетті кәсіпкерлер ауылда жүріп, бақыттың тек ақшадан тұрмайтынына көз жеткізеді.

Сценаристердің айтуынша, жердің қай түкпірінде болмасын жақсы өмір сүруге болады.

- Бұл фильм жақсы, сәтті, халыққа бір ой салатын, көңіл-күй сыйлайтын керемет дүние болатынына сенім мол, - дейді актер Бақыт Тушаев.

Асып-тасқан бай-бағландардың қалай тәубесіне келгені жайлы туындыны қазақстандықтар желтоқсан айында «Хабар» арнасынан көре алады, деп хабарлайды телеарнаның баспасөз қызметі.