- Мәдина Ағланқызы, ең алдымен өзіңіз туралы және шетелде оқып келген мамандығыңыз жайлы айтып берсеңіз.
-Мен 2004 жылы Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетін аяқтап, сол жылы аталған университетте ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істедім. Ал 2005 жылы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер ретінде құжаттарымды тапсырып, барлық конкурстық кезеңдерден сүрінбей өтіп стипендиат атандым. 2007 жылдың ақпан айында «кәрі құрлық» Еуропаға терезе іспеттес Голландия еліне аттандым. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде «Білім ғылымы және технологиялары» мамандығы бойынша магистратурада білім алдым. Осы мамандық бойынша біз басқа елдердің білім жүйелерінің ерекшеліктерін, бағаны қоюда статистикалық әдістемелер және статистикалық бағалауларды жасау процестерін үйрендік. Менің зерттеу жұмысым көп мөлшерлі тесттерге арналған. Әрине, оқу инемен құдық қазғандай демекші, оңай болған жоқ. Бірақ білім алам деген адам үшін өте қызықты. Шетелде жүргенде түйгенім, дәл қазір оқу керек. Одан кейін уақыт болмайды.
-Таңдауыңыз неге Голландияға түсті? Мұның жекелеген себептері бар ма?
- Нидерландыны таңдағандағы басты себептің бірі - бұл елде тарихта аты қалған атақты адамдар білім алған. Мысалы, I Петр. Екіншіден, бұл елдің экономикасы дамыған, саяси жағдайы тұрақты. Үшіншіден, мен оқыған Твенте университеті Нидерландыдағы және Еуропадағы университеттердің алдыңғы қатарлы, сапалы білім беретін оқу орны болып есептеледі. Университетте өзінің жатақханасы, зертханасы, кітапханасы, спорттық клубтары, дүкендері бар. Сондай-ақ оқу орнының аумағында 600-ге жуық өнеркәсіптік фирмалар жұмыс істейді. Олар университеттің студенттері және ғылыми-зерттеу жұысымен айналысатын қызметкерлермен тығыз қарым-қатынас жасайды. Университет соңғы Еуропалық Одақтың сараптамасы бойынша инновациялық жұмыста қолданбалы ғылым саласы негізінде алтыншы орынды алады.
- Шетелде оқыған жылдарыңыз Сіздің өміріңіздегі елеулі кезең болды. Алған біліміңіз бен тәжірибеңізді елімізде қалай пайдаланбақсыз?
- Әрине, Нидерландыдағы әр күнім мәнді, мағыналы өтті десем артық айтпаймын. Мен әлемнің алдыңғы қатарлы университетінде білім алғаныма өте қуаныштымын. Бұндай мүмкіндікке жол ашқан «Болашақ» бағдарламасына және Президентімізге алғыс айтамын. Елге оралған соң, туған жерім Павлодарда университетте жұмыс істедім. Алған білімімді әріптестеріммен бөлісуге тырыстым. Мәселен, баға және бағалау туралы таныстырылым жасадым. Қазіргі танда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-та жұмыс істеймін. Орталық президенттік бағдарламаның әкімшісі. Біз бұл жерде «Болашақ» иегерлері, яғни стипендиаттардың оқуын ұйымдастырып, мониторинг жасап отырамыз. Әрбір болашақтықтың басынан өтетін қиыншылық пен қызықтарды мен жақсы түсінемін. Өйткені мен де олар сияқты білім алдым ғой. Сондықтан бұл салада жұмыс істеу өте тиімді. Қолымыздан келгенше көмек көрсетуге, ақыл-кеңес беруге дайынбыз.
Шетелде алған білімнің нәтижесін алдағы уақытта көрсетеміндеген ойдамын. Қазақстанды әлемдегі білім кеңістігіне енгізу үшін талантты, талапты жастар керек екені сөзсіз.
-Қалай ойлайсыз, Голландия мен Қазақстанның білім беру жүйесінде айырмашылықтар бар ма?
- Әрине, айырмашылықтар бар. Онда математика мен статистикаға өте көп көңіл бөледі. Бұл голландықтардың есеп-қисапқа жақындығымен байланысты болуы мүмкін. Студенттің өз бетімен жұмыс жасауына, ізденуіне басымдық жасалған. Плагиат дегенді ешкім түсінбейді және оған бармайды. Біреудің еңбегін пайдалануды олар ізденіс деп ойламайды. Ең жақсы жазылған жұмыстарды ғылыми журналдарда басады. Дегенмен ұқсастықтары да жеткілікті. Бір сәйкестігі - жүйе өте дамыған, әсіресе мектепте өте көп уақыт математика пәніне бөлінеді.
- «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға түсуге ниетті жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
- Бәсекелестікті талап ететін, яғни өмір сүрудің өзі бәсекеге айналған мына заманда біліммен қаруланған әрбір «болашақтықтың» көкірегінде өз халқына деген ерекше құрмет жанып тұруы тиіс. Елімді дамытып, қарапайым халықтың жағдайын жақсартсам деген ойда болуы қажет. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, шетелде жүргенде әрбір минутыңды есептеген дұрыс. Уақытты бос өткізбеуге тырысқан жөн. Бұл елге не үшін келдім деген сауал сені жетелеп жүрсе, еш нәрседен ұтылмайсыз. Білімнің басы - бейнет, соңы -зейнет.
- Әңгімеңізге рахмет.