Бәсекелестікті қорғау агенттігі тұрғын үй нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне байланысты талдауды қарашада ұсынады

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Еліміздегі тұрғын үй нарығында бағаның негізсіз өсуіне қатысты талдау қараша айында ұсынылады. Бұл туралы бүгін Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және құрылыс нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірленіп жатыр. Жалпы, тұрғын үй бағасының көтерілу себептеріне талдау жүргізілуде. Аталған талдау қорытындылары қараша айына дейін әзірленеді деп жоспарлануда», - деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, еліміздегі құрылыс нарығында күрделі мәселелер баршылық. «Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Құрылыс материалдары нарығындағы бағаға келсек, онда белгілі бір бағытта тұрақтылық болғанымен, жекелеген түрлерінде баға «секіріп» тұрады. Мәселен, статистика бойынша кірпіш бағасы 13,9 пайыз, цемент - 8,7 пайыз, темірбетон бұйымдары - 8,3 пайызға өскені байқалады. Дегенмен, қиыршық тасқа, металл құбырларға, жылу ұстағыш материалдарға баға төмендегені белгіленген. Жалпы, бұл нарық бақылауында. Біз жақында ғана цемент өнімдерінің нарығына сараптама жасадық. Қазақстанда 10 цемент зауыты болса, жалпы жүктеме жылына 65-70 пайызды құрайды. Бұл да маусымдық кезеңмен байланысты», - дейді Б. Қуандықов. Бұл ретте агенттік басшысы кейбір цемент зауыттарының «байып қалу» мақсатында құрылыс қарқын алған маусымда бағаны қолдан көтеретін фактілерінің орын алатынын да жасырмады.

Бұдан бөлек, агенттік ТМД елдерінің монополияға қарсы органдарымен бірлесіп, әуетасымалдау, телекоммуникация қызметі, азық-түлік тауарлары нарықтарына зерттеулер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, электр энергиясы, халықаралық әуетасымалдау, роуминг қызметінің трансшекаралық нарықтарына да талдаулар жүргізілуде. Сонымен бірге, ТМД елдерінің монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің жұмысы шеңберінде астық нарығына талдау жүргізу жоспарланған.