Бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіруге айрықша мән берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі 2013 жылы тауар нарықтарына 36 талдау жүргізіп, олардың нәтижелері темір жол көлігі, азаматтық авиация, телекоммуникациялар, жылу-энергетикалық кешені жоғары монополияландырылған сала болып қалып отырғандығын көрсетті.

Өз кезегінде өнеркәсіп саласы орташа шоғырландырылған нарықтарға еніп отыр. Жалпы нарықтағы бәсекелестік мәселесі арқау болған ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде аталған агенттіктің жаңа басшысы Ғалым Оразбақов баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген талдау қорытындылары бойынша Үкіметке және мемлекеттік органдарға отыз ұсыныс енгізіліп, олардың жартысы іске асыруға қабылданды.

Осы ұсыныстарға тоқталған Ғ. Оразбақов, «Қазақстан әуежайларының транзиттік тартымдылығын ұлғайту, сондай-ақ олардың рентабельдігін арттыру мақсатында агенттік әуежайлар үшін өзге қызметтерден табыс жасау құқығы тұрғысында 5 пайыздық шектеуді алып тастауға бастама жасады. Қазіргі кезде алғашқы оң нәтижелерді байқауға болады. Мысалы, Астана әуежайының өзге қызметтен алатын табыс үлесі 2013 жылғы тамыз - желтоқсан айлары кезеңінде 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға дейін өсті», -деді. Осындай шараларды Павлодар және Қызылорда қалаларындағы әуежайларда атқарылып жатқан көрінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар экономиканың басқа да салаларында жүргізілсе, онда бұл табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін тұрақтандыруға жәрдемдеседі.

Бұдан кейін агенттік басшысы жүргізілген тексерулердің нәтижесіне ойысты. Мәселен, былтыр 171 тергеу аяқталып, осы ретте заңбұзушылықтар фактісі санының артқаны байқалған екен. «2013 жылы аяқталған тергеулердің жалпы санында бұзушылықтарды анықтай отырып аяқталған тергеулердің үлесі 93,6 пайызды құрады. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 4,2 пайызға артық»,-деді агенттік төрағасы. Өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану, сондай-ақ жекелеген нарық субъектілеріне артықшылық жағдайлар жасау фактісі бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тергеу аяқталды.

Мұнымен қоса «Богатырь көмір» ЖШС өзінің үстем жағдайын теріс пайдалана отырып, маңызы бірдей келісімдерге әртүрлі талаптар қойған және жекелеген сатып алушыларға көмір жеткізуге шарт жасасудан негізсіз бас тартқан. Осы орайда бұл серіктестіктің 775,7 млн. теңге сомасындағы монополиялық табысы тәркіленді, болжамды айыппұл көлемі 537 мың теңгені құрады. Қазіргі кезде материалдар сотта қаралуда.

Атап айтқанда, цемент зауыттарының әрекетінде бағаны келісе отырып көтеру фактісі анықталды. «Шымкент Цемент» АҚ мен «Стандарт цемент» ЖШС-нің, «Central Asia Cement» АҚ-ның, «Бұқтырма цемент компаниясы» АҚ мен «Семей цемент зауыты» ЖШС-нің әрекеттерінде цемент бағасын келісе отырып көтеру бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдар ретінде танылды», - деді Ғ. Оразбақов. Осы орайда ол айыппұлдың жалпы сомасы 372 млн. теңгені құрағанын атап өтті. Демек, осы кәсіпорындардың жымысқы әрекетінен еліміздің құрылыс саласына қаншалықты залал келтірілген екен. Бұндай жағдай қайталанбас үшін бәсекелестікті қорғау жүйесін дамыту әсте қажет қадам.

Айтпақшы, «Kcell» АҚ мен «МобайлТелекомСервис» ЖШС-ға қатысты тергеу жүргізу барысында ұялы операторлар абоненттердің келісімінсіз «Әрқашан байланыста» қосымша қызметін күштеп таңуы анықталған. Енді ұялы байланыс операторларына қатысты қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер сотқа жіберілген.

Байланыс тақырыбы аясында ол БЭК аумағындағы роумингті төмендету мәселесіне жеке тоқталды. «Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық комиссия агенттікпен бірлесіп халықаралық роуминг қызметі нарығына талдау жүргізуде, оның аясында мүмкіндігінше төмендету және соның нәтижесінде Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында роумингтік ставкалардың күшін жою мәселесі қаралатын болады»,-деді ол. Белгілі болғандай, бұдан кейін талқыланып отырған мәселені қамтитын экономикалық, техникалық және заңнамалық құрамдауыштарына бағалау жүргізіледі деп күтілуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің мобильдік операторлары желілеріндегі роуминг таяу жылдары нөлге дейін түсірілуі мүмкін. Ал Еуропа елдері бұл мәселені 2015 жылға қарай шешуді қарастырып жатыр.

«Сонымен бірге мемлекеттік органдар тарапынан жол берілген монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық санының өсуі алаңдаушылық тудырады. Агенттік деректері бойынша 2012 жылы - 24, 2013 жылы 44 тергеу жүргізілді. Бұл ретте былтыр жүргізілген 44 тергеудің 41-інде монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталған»,-деді агенттік төрағасы. Мемлекеттік органдарға монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылып, бәсекелестікті шектейтін аталған актілердің күші жойылды. Мұндай жағдайлар Мұнай және газ, Төтенше жағдайлар, Көлік және коммуникация министрліктері мен ТМРА-ның өңірлік бөлімшелерінде және басқа да мемлекеттік органдарда байқалды.

Ведомство деректеріне сүйенсек, монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін өткен жылы бюджетке түскен түсімдер сомасы шамамен 250 млн. теңгені құрады (2012 жылы 1305,8 млн. теңге түсті). «Былтыр біздің пайдамызға шешіліп, жеңген істердің үлесі 75 пайызға жетті», - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, таяуда агенттік төрағасы болып тағайындалған Ғ. Оразбақов қызметкерлері жемқорлыққа былғанып жатса аяушылық болмайтынын қатаң ескертті. Осы орайда ол жақында Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау инспекциясы басшысының пара алғаны үшін қамауға алынуы ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің беделіне «қара күйе» жақты деп атады.

«Қызылорда облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау инспекциясы басшысының өзінің кабинетінде пара алғаны үшін ұсталуы фактісін өкінішпен айтып отырмын. Бұл факті әрине, барша агенттікке «қара күйе» жағып отыр», - деді Ғ. Оразбақов. Бұл тұрғыда агенттік басшысы қызметкерлеріне ведомствода жемқорлыққа жол берілмеуі керектігін қадап айтты. «Ымырасыз күрес жүргізіледі және жемқорлыққа қатысы барлардың барлығы жауапқа тартылады», - деді ол.