Бәсекелестіктің арқасында ұялы байланыс арзандай бастады

АЛМАТЫ. 24 шілде. ҚазАқпарат -  Ұялы байланыс қызметінің бағасы төмендеуде. Бұл жайлы «Теле2 Қазақстан»компаниясының Басқарма төрағасы Андрей Смелков бүгін Алматыда 2 тоқсан қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

«Қазақстанда 3G интернет қызметі жоғары сұранысқа ие. Ол жылдам өсуде. Барлық операторлар өз желілерін дамытуда. Абоненттер саны мен ұялы байланыстың енуі қарқынды түрде ұлғаюда. Ұялы байланыс нарығына қатысушылардың жалпы кірісі де көбеюде. Бұл экономиканың дамуы үшін де, операторлардың  қызмет сапасын жақсартуына да өз ықпалын тигізуде», - дейді А. Смелков.

Оның айтуынша, екінші тоқсанда «Теле2 Қазақстан» компаниясының абоненттік базасы 757 мың  тұтынушыға өсіп, абоненттердің саны 2,5 миллионнан асып жығылды. Бұл статистика алғашқы  тоқсан көрсеткіштерінен 128 пайызға жоғары. Құнның төмендігі, байланыстың жоғары сапасы және желінің географиялық дамуы алғашқы жартыжылда белсенді абоненттердің санының өсімінің жылдық жоспарын іске асыруға мүмкіндік жасады. Елді қамту деңгейі ағымдағы жылға жоспарланған 80 пайыздың 73 пайызын құрайды. Есепті кезеңдегі компания табысы 1 тоқсанмен салыстырғанда 38 пайызға өсіп, 33 млн. долларды құрады.

 Оның сөзіне қарағанда, абоненттік базаның өсуі базалық стансалдардың желісін салумен және республика аймақтарында қамту сапасын көтерумен қатар іске асуда. Алғашқы жартыжылда эфирге 500 аса жаңа базалық станса шығарылды. Қазір олар ай сайын  100-ден астам базалық стансаны іске қосуда.