Башар Асад Астанада өткен сирияаралық келіссөздердің жемісті болғандығын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Сирия Президенті Башар Асад ресейлік парламентарийлермен кездесуі барысында Астанада өткен келіссөздердің тиімді деп санайтындығын және бейбіт реттеудегі жетістіктердің бар екендігін айтты.

Бұл жайында Ресейдің жаңалықтар агенттігі хабарлауда.

«Бүгін алғаш рет Сирия Президентінің Астана келіссөздерін қолдайтындығы, оны тиімді әрі пайдалы деп санайтындығы айтылды», - деді журналистерге Ресей мемлекеттік думасының депутаты Дмитрий Саблин Сирия Президентімен кездесуден кейін.

Ресейлік парламентарийлермен кездесу барысында Асад оппозиция өкілдерімен, оның ішінде қарулы топтармен де келіссөздерге дайын екендігін қуаттады. Сонымен қатар ол күрдтермен де ашық сұхбаттастыққа дайын екендігін мәлім етті.

Мұнан бөлек, Сирия Президенті елдегі оқиғалар Дамаскі үшін де, Мәскеу үшін де қолайлы бағытта өрбіп жатқандығын баса атап өтті.

Ресейлік парламентарий делегациясы Сирияға дүйсенбі күні барған болатын. Оладың мақсаты - ел басшылығымен кездесіп, Сириядағы саяси құрылымды бейбіт жолмен реттеу мәселелерін талқылау. Делегация құрамында Сирия парламентімен достық тобының үйлестірушісі Дмитрий Саблин, Мемлекеттік думаның азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі комитетінің басшысы Сергей Гаврилов және Ақпараттық саясат жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Александр Ющенко бар.