Башқұртстан парламенті республиканың жаңа президенттігіне Рүстем Хамитовты бекітті

АСТАНА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат - Башқұртстан құрылтайы республика президенті орынтағына Рүстем Хамитовты бекітті, деп хабарлайды Лента.Ру. Хамитовтың кандидатурасын башқұрт парламентіне Ресей президенті Дмитрий Медведев ұсынды.

Хамитовқа президенттік өкілетті беруді қолдап, заң шығару органы мәжілісіндегі 105 депутат дауыс берді.

Башқұртстанның бұрынғы президенті Мұртаза Рахимов отставкаға кеткен соң, Рүстем Хамитов шілденің 15-інде президенттің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Башқұртстан президенті болып тағайындалғанға дейін Хамитов «РусГидро» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды, сондай-ақ 2004-2009 жылдары су ресурстары федеральдық агенттігін басқарды. Бұдан да бұрын Хамитов Башқұртстан үкіметінде жоғары қызметтер атқарды, республика бойынша бас федеральдық инспектор болып жұмыс жасаған.