Башқұртстан Президенті қазақстандық студенттерді өз еліне оқуға шақырды

Фото: None
АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дәрісі барысында Башқұртстан Президенті Рустэм Хамитов Қазақстанның студенттерін елінің ЖОО-ларына оқуға шақырды.

«Біздің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 300-ден астам студент оқып жатыр. Бұл көп емес және біз осыдан көп студенттерді қабылдауға дайынбыз. Біздің жоғары оқу орындары білікті мамандарды даярлайды. Бұл тұрғыда ЖОО жүйесінде ынтымақтастық арта түседі», - деді Р. Хамитов.

Аталған елдің басшысының сапары аясында Еуразия ұлттық университеті мен Башқұртстанның жоғары оқу орындары арасында мәдени-ғылыми ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Олардың ішінде осы елдің Мифтахетдин Ақмолда атындағы Башқұрт педагогикалық университеті және Башқұртстанның мемлекеттік университеті бар.

Айта кетейік, аталған шара Қазақстандағы Башқұртстан күндері аясында ұйымдастырылуда.