Басқа елдердегі зейнетақы, арнаулы төлем, балалар жинағы: БЖЗҚ сұрақтарға жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ кейінгі кезде төлемдерге қатысты жиі қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.

Фото: gov.kz

Егер Қырғызстан немесе Ресей азаматы Қазақстанда жұмыс істесе, ол зейнетақы ала ма?

- Қазақстанда жұмыс істеген жылдары үшін зейнетақыны Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтары ала алады. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің арқасында мүмкін болды. Оны 2021 жылы барлық қатысушы мемлекет ратификациялаған. Бұл құжатқа сәйкес, өзге елдегі еңбек өтілі үшін зейнетақы төлемдерін алуға рұқсат етіледі. Яғни, егер ЕАЭО-ға кіретін елдің азаматы Қазақстанда жұмысқа орналасса, онда зейнетке шыққаннан кейін ол біздің республикамызда еңбек еткен уақытындағы жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін ресімдей алады. ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына да осындай жағдай жасалып отыр. Олар осы елдерде жұмыс істеген жылдары үшін сол елдің азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақы алатын болады.

Басқа мемлекетте еңбек еткен кезіңіз үшін зейнетақы алудың басты шарты - ресми жұмысқа орналасу. Зейнетақыны ресімдеу кезінде Қазақстандағы 1998 жылдан кейінгі жұмыс өтілін БЖЗҚ-да, ал оған дейінгіні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінде растауға болады.

Зиянды өндірістерде жұмыс істеген азаматтарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем туралы ақпарат алуға бола ма?

- Зиянды өндірістерде ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем 2024 жылдың басында енгізілді. Ол төрт бағыттан: республикалық бюджет, өмірді сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен; сондай-ақ, БЖЗҚ-дағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен төленеді. Оны тағайындау үшін қызметкерге кемінде 84 күнтізбелік ай мерзім бойына МКЗЖ төленуі керек, осыдан кейін ол жұмыстан шығуға немесе денсаулыққа зиянсыз қызметке ауысуға міндетті. Төлем қызметкер 55 жасқа толғаннан кейін ғана тағайындалады. Егер қызметкер барлық талаптарға сай болса, онда оған барлық төрт көзден толық төлем жасалады.

Егер қазақстандық азамат зиянды өндірісте бұрын жұмыс істеген болса, онда арнаулы әлеуметтік төлемді рәсімдей алады. Төлем жасауға қойылатын талаптар да дәл осындай, бірақ төлем төрт көзден емес, тек екі көзден: «БЖЗҚ» АҚ және республикалық бюджеттен беріледі. Оны ресімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгіну қажет.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қосылған жеткіншектер туралы ақпарат қалай тексеріледі?

- «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында баланың нысаналы талаптарға қатысушы тізіміне енгізілгендігі туралы ақпаратты кәмелетке толмаған жеткіншектің ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН-і бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарыңызға жауаптар алуға болады.

Сондай-ақ, ата-аналар әрбір балаға есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы жеке кабинетінен қарай алады.

2024 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтар нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) түскен қаражатты БЖЗҚ интернет-ресурсындағы және «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы тексере алады.

«Ұлттық қор – балаларға» аясында жинақтар есептелмесе, не істеу керек?

Егер отандастарымыз баласына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қаражат есептелмегенін анықтаса, оның туу туралы куәлігінің немесе жеке куәлігінің болуын, баланың жеке деректерінің дұрыстығын, сондай-ақ, олардың «электронды үкімет» порталындағы жеке кабинетінде тіркелгенін тексеру қажет.

Құжаттар болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгіну қажет. Егер баланың азаматтығы болмаса, анықталмаса немесе дұрыс көрсетілмесе, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек. Қателер түзетілгеннен кейін Ұлттық қордан нысаналы талаптар немесе нысаналы жинақтар және оларға есептелген инвестициялық кіріс өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық есептеледі.

Бұған дейін БЖЗҚ 2025 жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де өзгермейтінін мәлім етті. 

Осы ретте ерлер зейнетке 63 жаста, әйелдер 61 жаста шығады. 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы осы деңгейде сақталады, содан кейін зейнетақы реформасы аясында біртіндеп көтеріле бастайды.