АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» клубы ВТБ лигасының кезекті ойынында «Сарыарқа» велотрегінде «Енисей» (Красноярск) командасын қабылдап, 92:75 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Грек маманы Костас Флеваракис жаттықтыратын астаналықтар бірден ойын тізгінін қолға алып, оны матч соңына дейін уысынан шығарған жоқ деуге болады. Алаң иелері бірінші кезеңде 30:19 есебімен алға шықса, екіншісінде 21:16, үшіншісінде 26:14 есебімен ұтып, қарқынды үдетті. Тек соңғы кезеңде ғана 15:26 есебімен есе жіберді. Бірақ қорытынды есепте қарсыласын 17 ұпай айырмашылығымен ойсырата ұтты.
«Астана» құрамындағы 25 ұпай алып, мергендігімен көзге түскен грекиялық легионер Леонидас Каселакис, сондай-ақ америкалықтар Джастин Картер (20 ұпай), Ларри Гордонды (16 ұпай) атап өтуге болады.
Елордалықтар келесі ойынын өз алаңында 10 желтоқсанда «Локомотив-Кубань» (Краснодар) командасымен өткізеді.
Айта кетейік, мұның алдында «Астана» командасы алты кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана қарсыласын ұтқан болатын. Плей-офф бәсекесіне жолдама алу үшін астаналықтарға алдағы матчтарды барынша жинақы өткізуі қажет-ақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).