Баскетбол: «Астана жолбарыстары» ел чемпионы атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Баскетболдан ерлер арасындағы ХХV-ші Қазақстан чемпионатының финалдық ойындары аяқталып, бас жүлдені елордалық «Астана жолбарыстары» командасы жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Наурыздың 26-31 аралығында Щучинск қаласында «Жақсы» спорт кешенінде өткен жарысқа Қазақстан чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін елордалық «Астана жолбарыстары», көкшетаулық «Оқжетпес», петропавлдық «Барыс», атыраулық «Атырау барысы2», павлодарлық «Ертіс» және ақтаулық «Каспий2» сияқты алты команда қатысты.

Финалдық кездесу елорданың «Астана жолбарыстары» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» командалары арасында өтті. Алғашқы ойында көшетаулықтар қонақтарды 84-75 есеп айырмасымен ұтса, қарымта ойын 71-85 астаналықтардың пайдасына шешілді. Екі ойынның қорытындысы бойынша «Астана жолбарыстары» ел чемпионы атанды.

Осылайша, көкшетаулық команда тұңғыш рет жүлделі екінші орыннан көрініп отыр. Жарыс қорытындысына сай «Оқжетпес» ойыншысы Владимир Иванов ең үздік ойыншы атанды. Ал, қола медаль қарсыластарын ұпай санымен артта қалдырған Петропавлдың «Барыс» командасына бұйырды.