Баспана кезегінде тұрғандар қандай жеңілдіктерді пайдалана алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда баспана кезегінде 988 мыңнан астам азамат тұр. Оның 459 мыңға жуығы әлеуметтік осал топтарға жатады. Баспанаға мұқтаж азаматтар мемлекеттен жалдамалы үй ала алады, төмен пайызбен ипотека рәсімдеуге, алғашқы жарнаның бір бөлігін тұрғын үй сертификаты арқылы өтеуге және пәтер жалдау ақысына субсидия алуға мүмкіндігі бар. Бұл көмектің әрқайсысының өз талабы бар: бірінде отбасының табысы ескерілсе, енді бірінде азаматтың қай санатқа жататыны маңызды. Kazinform тілшісі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қандай қолдау көрсетілетінін және оны кімдер қандай шартпен ала алатынын тарқатып жазды.

Фото: Kazinform

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл мемлекеттік қолдау есебінен баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін 12,6 мың кредиттік пәтер салу және сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 155,5 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар 269 миллиард теңгеге 13,5 мың жалдамалы пәтер алу көзделіп отыр. Бұл қаражат әкімдіктерге облигациялық қарыз түрінде беріледі.

Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 миллиард теңгеге тағы 3,5 мың жалдамалы пәтер сатып алу жоспарланған.

Жалдамалы баспананы бөлу тәртібі өзгерді

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, тұрғын үй реформасынан кейін жалдамалы баспананы бөлу тәртібі өзгерген.

— Жалдамалы баспана тұрғын үйге мұқтаж азаматтың кезекке қойылған күні мен отбасының табыс деңгейіне қарай бөлінеді. Биылғы сегіз айда азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді, - деді Бақытжан Жүнісбеков.

Сонымен қатар ведомство өкілі 2024 жылдың желтоқсанынан бастап азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіруге мүмкіндік берілгенін атап өтті. Содан бері бұл мүмкіндікті 20 мыңнан астам азамат пайдаланған. Ал биылғы сегіз айда 6 824 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспанасын жекешелендірген. Оның 3 649-ы баспанасын өтеусіз негізде жекешелендіруге мүмкіндік алды.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Айта кетейік, елімізде табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет өтейді. Алайда бағдарлама талаптары сақталмаса, субсидия тоқтатылады.

2% және 5%-дық ипотека: кімдер өтініш бере алады

Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека беріледі. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, 2 пайыздық жеңілдетілген ипотека тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.

2 пайыздық ипотекаға мына азаматтар өтініш бере алады:

– Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
– жетім балалар;
– көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
– I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
– мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
– жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
– басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
– жесірлер.

– Ипотека алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 254 255 теңгеден аспауға тиіс. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 3 954 азамат осы бағдарлама арқылы баспаналы болды, - деді комитет төрағасы.

Коллаж: Kazinform/Freepik

Сондай-ақ, оның айтуынша, қалған санаттағы азаматтарға табыс деңгейіне шектеу қойылмайтын 5 пайыздық ипотека қолжетімді. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 2 252 азамат пайдаланған.

Алғашқы жарнаға 1,5 миллион теңгеге дейін беріледі

Жеңілдетілген ипотека рәсімдейтін азаматтарға алғашқы жарнаның бір бөлігін төлеуге тұрғын үй сертификаты беріледі.

Ведомство өкілінің дерегінше, оның көлемі 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді және бұл қаражатты мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ.

– Тұрғын үй сертификатын кімдер алатынын және оның нақты мөлшерін жергілікті мәслихаттар белгілейді. Сертификат алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 157 638 теңгеден аспауы керек, - деді ол.

Биылғы сегіз айда 2 373 тұрғын үй сертификаты берілген. Олардың жалпы сомасы – 2,7 миллиард теңгені құрайды.

Мемлекет пәтерақының бір бөлігін өтейді

Қазақстанда табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет өтейді. Алайда бағдарлама талаптары сақталмаса, субсидия тоқтатылады.

Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, арендалық баспана кезегін күтіп жүрген табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына мемлекет жеке тұрғын үй қорынан жалға алған пәтер ақысының бір бөлігін өтейді.

Фото: Pexels

— Субсидия жетім балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Оны алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс соңғы алты айда айына 50 851 теңгеден аспауға тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есепке алынбайды, - деді спикер.

Оның мәліметінше, қазір мұндай көмекті 11 200 отбасы алып отыр.

Сондай-ақ, бағдарлама бойынша жақын туыстарынан баспана жалдауға болмайды. Оған қоса, субсидия алып отырған азамат жалға алған пәтерінде өзі тұруы керек.

— Әкімдіктер мұндай пәтерлерді тұрақты тексеріп отырады. Егер тексеру кезінде азаматтың жалға алған пәтерінде тұрмайтыны немесе отбасы мүшесінен баспана жалдап отырғаны анықталса, субсидия төлеу тоқтатылады. Мұндай жағдайда төлемді қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылмаған, — деді Бақытжан Жүнісбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлуге қатысты өзгеріс енгізілгені хабарланды. Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған баспананы оларға бөлу мәселесін әкімдіктер қарайды.