Баспана vs автокөлік: халық қайсысын көбірек сатып алып жатыр

Фото: Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі екі жылда қазақстандықтарға берілген несиелер есебінде ерекше жайт көзге түсе бастады. Азаматтар арагідік ипотекамен баспана алуды азайтып, автонесие арқылы «темір тұлпар» мінуге құмартып жүр. Біздің шамалауымызша, көпшілік таксист болып, нәпақа табуды көздейтін іспетті. Расымен осының астарында әлеуметтік-экономикалық мәселе жатыр ма? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты сарапшылармен бірге талқылады.

Алдымен статистикаға зер салайық. Былтыр наурызда алғаш рет ерекше құбылыс байқалған. Бір айдың ішінде қазақстандықтар 136 млрд теңгеге ипотека рәсімдесе, автонесие мөлшері 145 млрд теңгеге жетті. Одан кейін ипотекалық несиелер өз қарқынына қайта шығып, автокредиттен озып келген. Сарапшылар бір мезеттік сол құбылысты жай тосын жағдайға балап, қайталана қоюы екіталай екенін болжаған. Алайда биыл ақпанда автонесие 165 млрд теңге болып, 12 млрд-тан астам айырмашылықпен ипотеканы (152,8 млрд теңге) артта қалдырды.

Инфографика: Kazinform

Жыл басында елде 5,7 млн автокөлік бары мәлім болды. Әр төртінші отандасымыздың «темір тұлпары» бар деп болжауға негіз. Дегенмен автонесие шарықтауын тоқтатпайтын болса, алдағы уақытта аталған статистика едәуір артатыны даусыз.

Бір байқаған дүние, Қазақстанда қазір автомобиль саудасы қызып тұр. Дилерлер жеңілдік жасап, мемлекеттік бағдарламаны былай қойғанда, 4 пайыздық несиені өздері енгізуде. Құжаттарды тексеру процесі тез өтеді, кейде табысты растауды да сұрамайды.

Ұлттық банктің наурыздағы мәліметінше, банк секторы жалпы 36,0 трлн теңге несие берген, оның ішінде бизнеске – 14,9 трлн, ал халыққа берілген несие көлемі бір жылда 22,7 пайызға өсіп, 21,1 трлн теңгені құраған. Бизнес алған қаржы халықтың несие рәсімдеуіне ілесе алмай келеді. Халық алған несиенің 1/3 бөлігі ипотека еншісінде – 6,7 трлн теңге. 606 мың қазақстандық тұрғын үйінің несиесін өтеп жүр.

Енді тақырыптың өзегіне келейік. Қазақстандықтар шынымен баспананы ысырып, автокөлік алуға, сол арқылы табыс табуға құмартып жүр ме? Әлде бұл жолы да уақытша құбылысқа жатқызамыз ба?

Такси жүргізушілері елдегі орташа жалақыдан көп табады

Экономист Андрей Чеботаревтың айтуынша, тұрғын үй нарығының тынышталуы, яғни, баспана сатылымының баяулауы – жағымды жайт. Себебі зейнетақы қорындағы ақшаның жеткілікті шектен асқан бөлігін халыққа беру мүмкіндігі туған бұрынғы кезеңде бұл нарық шектен асып, баға ақылға қонымсыз деңгейде өсті.

Фото: Андрей Чеботаревтың жеке мұрағатынан

– Оның бәрі жеңілдетілген бағдарламалар мен арзан несиелердің әсерінен болды. Ал қазір базалық мөлшерлеме жоғары, нарықтық ипотека 18%-дан басталады. Өте көп екені айтпаса да белгілі. Қазір тиімділігі жағынан жеңілдетілген бағдарламалар ғана қалды, әйтсе де олардың да қарқыны баяу. 

Негізі бұл – жақсы нышан. Өйткені нарық тұралағанда пәтер бағасы өспей қалады. Өткен жылы баға орта есеппен 4%-ға ғана өсті. Бұл өсім негізінен бизнес-класс сегментінде байқалды, ал эконом және комфорт кластарында өсім 1%-ға да жетпеді. Инфляциямен салыстырғанда баға айтарлықтай өзгермеген. Енді көп адамның пәтер сатып алуға қайта мүмкіндігі туындайды, – деді сарапшы.

Енді бұрынғы тұрғын үй нарығының күйі автонесиеге ауды. Иә, қазір жұртшылық жапа-тармағай 4 пайыздық автонесиеге жүгінуде. Бұл шындығында жеңілдік болмауы да мүмкін. Оның өзіндік астары бар: біріншіден, жеңілдікті мемлекет емес, банктер мен дилерлер жасап жатыр. Өйткені қоймаларда автокөлік толып тұр, сатылым азайған, сондықтан олар бірігіп бұрын болмаған жеңілдіктер жасауға көшті.

Екіншіден, мұқият бақылар болса, 4 пайыздық жеңілдік деп аталғанымен, автокөлік бағасы алдын ала қолдан көтерілген болуы мүмкін. Дегенмен осының өзі аз да болса халыққа тиімді болып тұр.

– Менің ойымша, Қаржы нарығын реттеу агенттігі енді әрекет етуі керек. Автонесиелеуде борыштық жүктеме коэффициенті есепке алынбайды, яғни, адамның табысының 50%-ы несиеге кетіп жатса да автокредит алуға болады. Осы ережені қайта қарау қажет. Түптеп келгенде автонесие нарығын да тұрақтандырған жөн, – дейді Андрей Чеботарев.

Фото: Pixabay

Жасырары жоқ, көпшілік автокөлікті жеке қажеттілік, жүріп-тұру үшін ғана емес, жұмыс құралы, актив ретінде қабылдайды. Бос уақытында көлігімен адам тасымалдап, такси қызметінде ақша табады. Көптеген сарапшылар Қазақстанда таксидің бағасы жоғары екенін, онда тұрақты жұмыс істеген адам ай сайын орташа жалақыдан артық табатынын айтады.

– Жүргізушілердің жақсы табыс табатынын такси компаниялары да растаған, мен де тексеріп көрдім, шындық. Сондықтан көлік - адамдар үшін табысты арттыратын актив. Жеңілдетілген несиеге «темір тұлпар» алып, таксист болып, ай сайынғы төлемін жауып отырады. Несиесі бар кезде көлік міндетті түрде сақтандырылып, банктің кепілдігінде тұрады. Банк сақтандырудың болуын бақылайды. Бұл – жақсы нәрсе, – деп толықтырды сарапшы.

Дегенмен Андрей Чеботарев жалпы Қазақстанда баспана алу мен ипотека рәсімдеу қиындап бара жатқанын айтты. Кейінгі екі жылда базалық мөлшерлеменің тым жоғары болуына байланысты осындай жайт тіркеліп отыр.

Экономистің ойынша, мемлекет базалық мөлшерлемені көтеру арқылы нарықтық ипотеканы ығыстырып тастады. Қазір банктен 18% мөлшерлемемен ипотека алу – өте қауіпті қадам. Банктер талаптарды күшейтіп жатыр, себебі базалық мөлшерлеме жоғары, экономикалық жағдай тұрақсыз.

– Осы күні ипотекалық нарықта тек мемлекет қалды – «Отбасы банкі» және бірқатар жеңілдетілген бағдарламалар. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасында оператор екінші деңгейлі банктер болғанымен, бәрібір бұл - мемлекеттік бағдарлама.

Бірақ мемлекет бір қолымен көмектессе, екінші қолымен ипотекалық нарықты баяулату үшін шарттарды қатаңдатып жатыр. Бұрын кез келген уақытта аздап артық төлеу арқылы несие алуға болатын болса, қазір міндетті түрде депозит болу керек, аралық несиелердің пайыздары артты, басқа да талаптар көбейді. Мұның бәрі тұрғын үй нарығын тұрақтандыру үшін жасалып отыр, – деп қосты сарапшы.

Ақыры бұл шаралар өз нәтижесін бергенге ұқсайды. Андрей Чеботарев қазір тұрғын үй нарығы баяулағанын, енді бұрынғыдай бағаның шарықтап өсуі байқала қоймайтынын жеткізді. 2020-2022 жылдары баға қатты өскен болса, 2023 жылдан бастап бағалар тұрақтала бастады. Яғни, мемлекет нарықты баяулату арқылы бағаның өсуін тоқтатып, халыққа баспана құнын қолжетімді еткісі келген.

Банктер ипотека беруге ынталы емес

Әріптесінің сөзін R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов та растап отыр. Негізгі себеп сол – ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары, жылжымайтын мүліктің бағасы қымбат.

Фото: видеодан кадр

– Қолжетімді автокөлік бағасы шамамен 5–10 млн теңге аралығында болса, ал пәтерді қазіргі мөлшерлемемен сатып алу үшін, әсіресе ірі қалалардан алар болсаңыз, кем дегенде 20-30 млн, кейде 40 млн теңгеге дейін қажет болады. Тиісінше, алынатын несие көлемі де жоғары, бұл халыққа өте тиімсіз.

Қазақстанда коммерциялық банктердегі мөлшерлеме жылына 20 пайыздан жоғары. Егер «Отбасы банкінің» ұзақмерзімді шарттарын есепке алмаса, бұл көптеген адамдарды ипотекадан бас тартуға мәжбүрлейді, – дейді экономист.

Бұл жерде тағы бір мәселе бар: елдегі көптеген банк ипотекалық несиелеумен айналыспайды. Себебі тұрғын үй жалғыз баспана ретінде есептеледі және келешекте ипотека төленбей жатса, тәркілеу қиынға соғады. Бұл мүлікті қайтарып алу банктер үшін күрделі процесс. Сондықтан кейбір банктер ипотеканы әдейі қаржыландырмайды.

– Қазір автонесиеге қатысты 4% жеңілдетілген мөлшерлеме бар болғанымен, бұл Қазақстандағы жалпы мәмілелер көлемінде өте аз үлесті ғана құрайды. Ал автосалондардың көбісі автонесиелеуді төмен пайыздық мөлшерлемемен жүзеге асырады. Кейбір салондардың банктермен арнайы келісімдері, серіктестіктері бар, сол арқылы жеңілдетілген несиелер мен бөліп төлеу мүмкіндігін береді. Тіпті, кейбір ірі брендтердің (мысалы, Toyota) өз микроқаржы ұйымдары бар. Олар орташа бағалы көліктерді бөліп төлеуге береді.

Сол себепті, автонесиелеу нарығы ипотекадан әлдеқайда белсенді. Әрине, бұл - дұрыс емес. Бірақ көлік арқылы адамдар табыс тауып, оны жеке мақсатта немесе бизнеске пайдалануға тырысады. Ал пәтерге бірден ақша жинай алмайтындар үшін бұл қолжетімді балама болып отыр, – деп түйіндеді Арман Байғанов.

Әрине, баспана немесе автокөлік арасындағы таңдау – азаматтардың өз еркінде. Дегенмен ипотекаға қатысты екі құбылыстың белең ала бастағанын түсіндік. Біріншісі, банктер тұрғын үйге несие беру шарттарын ауырлата түсуде. Екіншісі, ипотекалық несиелердің қарқыны бәсеңдеуіне байланысты тұрғын үй бағасы бұрынғыдай аса қымбаттамай, құнын бір межеде сақтап отыр.

Әзірге Ұлттық банктің көктем айларына байланысты есебі толық шыққан жоқ. Алдағы уақытта ипотека мен автонесие жөніндегі деректерді бақылап, талдау ұсынып отыруға мүдделіміз.