Баспанаға мұқтаж жандарға қандай мемлекеттік көмек көрсетіледі

Фото: Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 654 мың адам баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.

- Еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 654 мыңнан астам адам тұр, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Осы орайда комитет басшысы кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. 

Бірінші - жалға ұсынылатын тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру.

- Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы ясында әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй кезектілік тәртібімен жалға беріледі. Бұл ретте, жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20 пайызы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі. Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында кезекте тұрған 13 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 1-тоқсанда 3 мыңнан астам отбасы жалға берілетін пәтерге ие болды.

Екінші - жалдау ақысын субсидиялау

2022 жылдан бастап азаматтардың мына санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50 пайызы субсидияланады:

- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

- көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.

- Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам отбасы тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50 пайыз төлем бойынша мемлекеттік қолдауға ие, - деді комитет басшысы.

Үшінші - Тұрғын үй сертификаттары. Оны әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға береді.

- Өткен жылдың қорытындысында 2,6 млрд теңге сомасына 2,3 мыңнан астам тұрғын үй сертификаты, осы жылдың 1-тоқсанында жалпы сомасы 580 млн теңгеге 522 сертификат берілді, - деді Бақытжан Жүнісбеков.

Төртінші - жеңілдікті кредит беру. Яғни, баспана кезегінде тұрғандарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті займдар ұсынылады. Бұл ретте 2 пайыздық мөлшерлемемен займды кезекте тұрған азаматтардың мына санаттары алады:

  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • көп балалы отбасылар;
  • жетім балалар.

- 2024 жылдың қорытындысында жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын 3 859 займ берілді. Ал төрт айда тұрғын үй сатып алуға 952 займ ұсынылды. Сонымен қатар, өткен жылы 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 145 займ берілді. Жыл басынан бері 1 249 азамат жеңілдікті займ алды. Аталған жеңілдікті қарыздар халыққа «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс банкі арқылы ұсынылады, - деді комитет басшысы.

Осыған дейін биыл 4 айда 45,1 мың пәтер пайдалануға берілгенін жазған едік.