- Үкімет депутаттар корпусының тұрғын үй кезегінің өсуіне қатысты алаңдаушылығын негізді деп санайды. Тізімдердегі мұқтаждар санының күрт өсуі (937 мың адамға жетті) құрылыс қарқынының төмендеуінен емес, тұрғын үй заңнамасын түбегейлі қайта қараудан туындағанын ескеру маңызды. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға түзетулер өз күшіне енді. Егер бұған дейін кезекке тек белгілі бір санаттағы азаматтар (әскери қызметшілер, халықтың әлеуметтік осал топтары) тұра алса, енді бұл құқық соңғы 5 жыл бойы меншігінде тұрғын үйі жоқ еліміздің барлық кәмелетке толған азаматтарына берілді, - деді Үкімет басшысы.
Оның мәліметінше, жүйеге көптеген мұқтаж жандардың қосылуы кезекке уақытша «қысым» әсерін тудырды. Бірақ сонымен бірге мемлекеттік саясатты барынша әділ, ашық етті және әрбір қазақстандық үшін тең жағдай жасалды. Қатаң бюджеттік шектеулерге және жүздеген мың азаматқа бір сәтте пәтер берудің объективті мүмкін еместігіне қарамастан, мемлекет қолдау деңгейін төмендетпейді, қайта оны неғұрлым икемді форматтарға трансформациялайды.
- Кезекте тұрған және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын адамдарға көмек көрсету үшін жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын тікелей субсидиялау тетігі белсенді қолданылады. Ол бойынша мемлекет ай сайынғы жалдау құнының 50 %-ын жабады. Табысы тұрақты азаматтар үшін, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мөлшерлемесі 7 %-дан басталатын «Наурыз» және мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға арналған «2- 10-20» бағдарламасы сияқты ауқымды әлеуметтік ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қарыз ресімдейтін кезекте тұрғандарға әкімдіктер бастапқы жарнаны жабу үшін 1,5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде өтеусіз тұрғын үй сертификаттарын береді. Тұрғын үйді бөлу кезінде қатаң басымдық бекітілген: мемлекет салған және сатып алған барлық пәтердің 70 %-ы тек ең мұқтаж әлеуметтік осал топтар арасында бөлінеді, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет құрылыс сапасына бақылауды күшейтетінін жазған едік.