Баспасөз хатшысының міндеттерін белгілеп беретін қаулы талқыға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрінің БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға туралы бұйрық жобасы Ашық НҚА сайтына жарияланды.

Фото: Pexels

Құжат баспасөз хатшысының мақсатын, функциялары, құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Жаңа нормаға сәйкес баспасөз хатшысы мына міндеттерді орындайды:

— пайдаланушыларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша анық және қажетті ақпарат беру;

— бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбаттар, түсіндірмелер, жарияланымдар әзірлеуге жәрдемдесу;

— журналистерді және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдерін уақытша немесе тұрақты аккредиттеу, сондай-ақ оларға мемлекеттік органның құзыретіне, оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты неғұрлым толық және кеңінен тарату үшін жәрдемдесу;

— лауазымды адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастыру;

— интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету, оны кешенді реконструкциялау, дизайнын жетілдіру, жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеу және енгізу;

— ақпараттарды пайдаланушылардан келіп түсетін сауалдарға уақтылы жауаптар дайындау;

— мемлекеттік органның және (немесе) оның бірінші басшысының интернет-ресурсында ақпарат орналастыру;

— таратылуына Қазақстан Республикасының заңдарында немесе заңды күшіне енген сот актілерінде тыйым салынған немесе өзге де түрде шектеу қойылған ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты барынша ашуға ықпал ететін өзге де функциялар. 

 

Жанель Нұрболатқызы