Баспасөз картасы не үшін керек – министрлік жауабы
«Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі - баспасөз картасы (пресс-карта) енгізу. Бұл бойынша қарсылық, түсініспеушілік туындады, мүмкін түсіндіру жұмыстары аздық еткен шығар. Баспасөз картасын енгізу журналистердің ақпарат алуына және таратуына ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, карта - БАҚ өкілдерінің жұмысын ынталандырып, оңтайландыруға бағытталған құжат», - деді Қанат Ысқақов Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, баспасөз картасын алмаған БАҚ өкілі жұмысын жалғастыра береді.
«Баспасөз картасын алу міндетті емес. Ол тілшілердің жұмысын шектемейді, тыйым салмайды. Карта енгізу - БАҚ өкілдерін аккредиттеу, олардың іс-шараларға қатысуы, мемлекеттік органдардың ғимаратына кіру процесін жеңілдететін құжат. Тағы бір жайт, баспасөз картасын біздің министрлік бермейді, оны үкіметтік емес ұйым береді», - дейді ол.
Айта кетейік, биыл елімізде журналистердің құқығы мен бостандығы туралы ұлттық баяндама әзірленбек.
Бұған дейін БАҚ және тілшілерді сотқа беру мерзімі 3 жылға дейін қысқаратыны туралы хабарлаған едік.