Баспасөз мәслихаты «Нотариат туралы» және «Адвокаттық қызмет туралы» заңдарға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға арналды - Қызылорда
Оны облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Нұркен Есенов жүргізіп отырды.
Облыстық нотариаттық палата төрағасы Әбдіхалық Бедеров ең басты өзгеріс нотариаттық қызметті жүзеге асыруға шектеу қоюды жоюға бағытталғаны туралы айтып берді. Бұл мақсатта бұрынғыдай квоталау болмайды. Осыған байланысты әрбір нотариаттық аймақта қызмет етуге тиіс нотариустердің ең аз жұмыс орны бекітіледі. Аймақтағы нотариустар саны белгіленген орыннан көп болуы мүмкін, бірақ одан аз болмауы тиіс. Өйтпеген жағдайда сол аймақта әділет органдары өзінің штаттық санына қарай мемлекеттік нотариаттық кеңсе ашуға құқылы. Бұл норма нотариустар арасында бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал ететін болады
Баспасөз мәслихатына қатысушыларға облыстық адвокаттар алқасы заң консультациясының меңгерушісі Бисенкүл Ширахманова «Адвокаттық қызмет туралы» заңына енген өзгерістер жайлы айтып берді. Өзгерістер негізінен адвокат құқығын кеңейтуге бекітілген. Жаңа заң жобасында халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету, сондай-ақ, мемлекет есебінен құқықтық көмектер көрсету мәселелері қамтылған. Адвокатпен құқықтық көмекке жүгінген адамның арасындағы келісім жазбаша түрде жасалады. Келісім жасалғанда құқықтық көмектің ақысын істің біту нәтижесіне қарай немесе адвокаттық қызметтің жетістігіне қарап бағалауға және мүліктік дау-дамай кезінде өзі қорғаған жақтан түскен соманың бір бөлігін талап етуге адвокатқа тыйым салынады. Сонымен қатар адвокат ауызша кеңес бергені, құқықтық көмек көрсеткені үшін тиісті қаржы құжатынсыз көмек көрсеткен адамнан қолма-қол ақша алуына құқығы жоқ. Ол тек келісімде көрсетілген соманы ғана алуы тиіс.
Баспасөз мәслихатына қатысқан заңгерлер жаңа заң жобаларында құқықтық көрсету бойынша халыққа жеңілдік жасау жағы қарастырылғанын атап өтті.