«Адамдар интернетке кіргенде 8 секундтың ішінде ақпарат ала алмаса, онда шығып кетеді. Қазіргі кезде бұл уақыт одан да кейін шегерілуде. Соңғы зерттеулерге қарасақ, 3 секунд қана қарайды екен де, шығып кетеді. Осыған тән құбылыс шығар. Жалпы, біздің біраз баспасөз мазмұн емес, көбінесе тақырып берумен айналысып кетті. Яғни, үлкен тақырып береді. Тақырып адамды баурап алса, онда ол оқиды, қарайды. Тақырып баурамаса оның ішінде қызықты дүниелер болса да, аттап кетеді. Сол себепті тақырып қоюды да үйренуіміз керек шығар. Ол да үлкен мәселе әрі журналистік кәсібилікке байланысты. Мұны оңай реттеуге болады деп ойлаймын», - деді комитет басшысы.
Сонымен қатар ол Қазақстанда ғана емес жалпы әлемдік газет-журналдар өз стратегияларын өзгертіп жатқанын еске салды.
«Мысалы, жаһандық көлемде алып қарайтын болсақ, Ұлыбританияда аймақтық және жергілікті газеттердің саны 2005-2018 жылдардың аралығында 200-ге дейін төмендеген. Яғни газеттер жабылып жатыр және бұл заңды құбылыс. Одан қорқудың да, үркудің де қажеті жоқ. Жұмыс істей беру керек. АҚШ-ты алып қарасақ, онда да сондай көрсеткіш. Күнделікті баспасөз таралымы 1994 жылғы 60 миллионнан 35 миллионға дейін төмендеп отыр», - деді ол.
Ержан Нүкежановтың айтуынша, газет-журнал таралымының азаюы жарнама нарығына да әсерін тигізген. Мәселен, 2000 жылдары әлемдік деңгейде баспасөздегі жарнама нарығы 65 млрд доллар болса, қызіргі уақытта 14 млрд долларға дейін төмендеген.
«Яғни жарнама сандық технологияларға кетіп жатыр. Дегенмен мұнан шығу жолдары да қарастырылған. «Вашингтон пост», «Нью-Йорк Таймс» газеттерін алып қарайтын болсақ, оларда цифрлық жарнама 2016 жылдан бері өсім көрсетуде», - деді комитет басшысы.
Осы орайда ол «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Жас Алаш» сынды отандық басылымдар жарнама нарығындағы тығырықтан шығу жолдарын қарастырып, нақты нәтижелерге де қол жеткізе бастағандығын айтты.
«Egemen Qazaqstan» газеті төте жазу, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Иран, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде де өз оқырмандарын тауып отыр және оның пайызы жылдан-жылға артып келеді. Бұл біздің баспасөз үшін үлкен мүмкіндік деп білемін», - деді Ержан Нүкежанов.