Баспасөзде сайлау науқанына орай 15 мың материал жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Виллемиен Анке Йонкер ханыммен кездесті.

Жүздесу барысында Қ.Тұрғанқұлов еліміздің Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанына орай бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген материалдарға мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.

«26 наурыздан бері осы уақытқа дейін сайлау тақырыбына қатысты шамамен 15 мың материал жария етілді. Бұл мониторинг барлық кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына тек қолжетімділік жасап отырғанын дәлелдей түседі», - деді ОСК Төрағасы.

Сонымен қатар ол миссия басшысына республикалық бюджет есебінен кандидаттарға үгіт жұмыстарын жүргізуге 7 млн. теңгеден бөлінгенін айтты.