Басшысы 92-де, ең жас қызметкері 76-да - министр Фесенков институтындағы дауға пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында Алматыдағы В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының Ай мен планеталар физикасы зертханасының айналасындағы дауға пікір білдірді.
- В.Г. Фесенков атындағы институт негізі Цифрлық даму министрлігінің құзыретінде. Бірақ ғылым саясатын біздің министрлік айқындайтын болғандықтан мекеме мамандарымен сөйлесіп, уәждерін тыңдадық. Біріншіден, зертхана жабылмайды. Сондай ақпарат тараған еді. Сол Фесенков атындағы институт жанынан 1974 жылы ашылған бір зертхана бар. Сол институттың басшысы биыл 93-ке толады. Ең жас деген ғылыми қызметкер 76 жаста, - деді ол.
Министрдің сөзінше, аталған зертхана соңғы 20 жылда бір де бір үлкен жобаға қатыспаған.
- Гранттық жобаларға үш рет құжат тапсырып, өте алмаған. 2018 жылдан бері бір де бір ғылыми басылымға мақала шығармаған. Біздің де нысаналық бағдарламаларға қатыспаған. Сондықтан дұрыс түсінулеріңізді өтінеміз. Әсіресе ғылым саласында жастарға да жол беруіміз керек. Қазір елдегі ғалымдардың ішіндегі жастардың үлесі 46 пайызға жетіп отыр, - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, өткен аптада Алматыда бірнеше ғылыми қызметкердің жұмыстан әділетсіз шығарылғаны туралы ақпарат тараған болатын.