Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, өткен жылы арнайы оқыту курстарынан өткен азаматтардың 20 проценті өз кәсібін ашты.
«Биыл аталған бастаманың ауқымы кеңейді. Енді, 80 ауданның орнына 160 ауданды қамтимыз. Бұдан бөлек, 14 облыс орталығы мен 27 моноқалада оқыту шараларын ұйымдастырамыз. Себебі «Бастау Бизнеске» сұраныс бар. Жалпы, ағымдағы жылы 30 мың адамды оқытып, кем дегенде, 6 мың адамға бизнес ашуға жағдай жасаймыз», - деді Б.Оразғалиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, «Бастау Бизнес» қатысатын адам бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Күнде түске дейін төрт сағаттық теориялық сабақтар өтеді. Ал түстен кейін практикалық шаралар ұйымдастырылады. Сол кезде қатысушылар тәжірибелі мамандардан кеңес алып, өздерінің бизнес-жобаларын әзірлейді.
«Бір жылдың ішінде біз біраз мәселелерді анықтадық. Мәселен, аудандардың мамандандыру карталары көп жағдайда шартты түрде жасалған. Аталған құжаттарды әлі де жетілдіру керек. Сол себепті биылдан бастап біз әрбір жобаны өңірдің экономикалық өміріне барынша бейімдеуге күш саламыз. Соның арқасында бизнестің өміршеңдігі артады. «Атамекеннің» аудандық палаталары да өз көмегін беріп отырады», - деп атап көрсетті Б.Оразғалиев.