Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету барлығы үшін міндетті емес - Ж.Түймебаев

СТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету барлығы үшін міндетті емес. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев BNews.kz порталында «Қазақстандағы білім беру: мүмкіндіктері, келешегі, инновациялар» тақырыбында өткен он-лайн конференция барысында мәлім етті.

«Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету барлығы үшін міндетті емес», деген министрдің сөзіне қарағанда, аталған шара әлеуметтік тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға, яғни жекелеген оқушыларға көрсетіледі. Алайда министр бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың, әкімдіктердің қол ұшын беріп отырғандығын баса айтты. Осыған орай бірқатар облыстардағы әкімдердің араласуымен 1-4 сынып оқушыларын толық ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған. Тіпті кейбір өңірлерде 5-7-ші сынып оқушылары да мектеп қабырғасында тегін ауқаттануға мүмкіндік алып отыр.

«Алайда міндетті түрде барлық мектептерде буфеттер мен асханалар жұмыс істейді. Егер салыстыра қараса, әлемдік тәжірибеде де барлық мектептер 100 пайыз қамтылмаған. Бұл тек қана ақылы мектептерге ғана тән», деді Ж.Түймебаев.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрі таяуда елорда педагогтерінің тамыз кеңесіне қатысқандығын, онда қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен 1-4-ші сыныпта оқитын оқушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылатындығын атап өткендігін еске салды.