Бәстесуге дайынмын – Жаслан Мәдиев журналистерді интернет бағасы түскеніне сендіре алмай кетті

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мәжіліс кулуарында журналистермен интернет бағасы тарифі туралы ұзақ пікір таластырды.

- Интернет бағасы туралы айтсақ, 2024 жылы 1 Гбайт трафиктің бағасы арзандатылды. Мобильдік байланыстағы интернет трафигі шамамен 12 пайыз, ал бекітілген тарифтер 25 пайыз арзандады. Мен оны нақты сандармен дәлелдеп бере аламын, - деген министр сол сәтте-ақ журналистер алдында ол уәжін дәлелдейтін нақты мәліметтер қолында жоқ екенін айтып, ақталды.

Ведомство басшысы қызды-қыздымен бұл мәселе бойынша журналистермен бәстесуге дайын екенін айтты.

- Бәлкім, сіз бұрынғыдан көп төлеп жүрген шығарсыз. Бірақ 1Гбайт трафик үшін төлеген ақшаңызды бөліп қарасаңыз, шынымен де арзандағанын көретін едіңіз. Тіпті бекітілген тариф аясында 1 Мбит/секунд өлшемімен алып есептесеңіз, бұл жерде арзандай түскен. Егер ай сайын тарифтер қымбаттап жатса, тұтынатын интернеттің көлемі артты деген сөз. Мен сіздермен бәстесе аламын. 1 Гбайт интернеттің бағасы бұрынғыдан арзан, - деді ол.

Айтуынша, интернеттің абсолютті құнына әсер ететін көптеген фактор бар.

- Оның ішінде инфляция да, инвестициялық бағдарламалардың шығыны да, бағаны ақылдасып белгілеу де бар. Тиісті агенттік ол бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Қымбат қондырғылар сатып алған болуы мүмкін. Қазақстанда өндірілмеген қондырғы сатып алынса, теңге құнсызданған кезде оның бәрі трафик құнына әсер етеді. Қазақстанда трафик жүктемесі айтарлықтай өсіп жатыр. Интернет тұтыну көлемі артқан сайын мобильдік операторлардағы штат саны да өсіп жатыр. Талдаулар мобильдік байланыстың интернет бағасы бір жылда 11,8 пайыз арзандағанын көрсетіп отыр. Қазақстандықтар орташа есеппен ай сайын 20 Гбайттан астам интернет тұтынады. Құрметті журналистер мен сіздерге айтарлықтай егжей-тегжейлі жауап бердім деп ойлаймын. Кейін қосымша талдауды ұсына аламыз, - деп түйіндеді Жаслан Мәдиев.

Еске салсақ, биыл наурызда KCell, Tele2, Beeline компанияларының үстінен тариф көтеру туралы «сөз байласу» күдігімен тексеру басталған еді. Бірақ 22 мамырда ол тексеру тоқтатылғаны мәлім болды.