Басты мақсат — әлемдік жарыстарға жолдама алу — Ермек Сырлыбаев
ОРАЛ. KAZINFORM — Волейболдан Қазақстан чемпионатының деңгейі қандай? Ұлттық құрама алдында нендей мақсат-міндеттер тұр? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаевпен сұхбаттасқан еді.
— Ермек Әмірбекұлы, алдымен Оралда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өткен Қазақстан біріншілігінің финалдық кезеңіне тоқталсаңыз?
— Биыл ерлер арасында финалдық турнирді өткізетін орын ретінде Оралда жаңадан ашылған «Жайық арена» спорт кешенін таңдаған едік. Қателеспеген екенбіз, әсіресе, чемпиондық атақ пен қола жүлде үшін бәсекелер тартысты өтіп, нағыз волейбол мерекесіне айналды. Жеңімпаз бен қола медаль иесін үшінші, қосымша кездесуде анықтауға тура келді. Бірінші орын үшін «Жайық» пен «Ақтөбенің» таласуы заңдылық деп ойлаймын. Қос команда да бір-бірімен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті.
— Жалпы, ұлттық лига деңгейін көтеру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
— Ұлттық лига деңгейі көтеріліп келе жатыр. Алдыңғы екі-үш жылға қарағанда, биылғы финалдың тартысты өтуі — соған дәлел. Чемпионат барысында жақсы ойыншылар бой көрсетті. «Ақтөбе» клубының бас бапкері Сергей Трикоз жаттықтыратын 21 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Индонезияда өткен іріктеу жарысында Қытай мен Үндістанды ұтып, төртінші орынға табан тіредік. 21 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Иран командасы өте мықты, олар Халықаралық волейбол федерациясының шешімімен дүниежүзілік додаға бірден шықты. Әрине, Иран, Польша, Бразилиямен бәсекеге түсу өте қиын, олардың деңгейі жоғары. Дегенмен Қытайда болатын әлем чемпионатында екінші айналымға өтуге мүмкіндік бар. Шетелдік мамандар Қазақстан құрамасына назар аударып, бір топқа түскен Корея, Пуэрто-Рико, Канада командаларын жеңе алады деп отыр. Міне, осы құрамаға іліккен бес-алты жас волейболшы қазірдің өзінде ұлттық лигада ойнап жүр. Мысалы, «Ақтөбеден» Асылхан Ізбергенұлы, «Жетісудан» екінші байланыстырушы Жәнібек Омар, «Буревестниктен» Клим Рюхов, «Павлодардан» Әділжан Балтабаевты айтуға болады.
— Ұлттық лига үздіктері халықаралық жарыстарға қатысатын шығар?
— Иә, осы маусымда өз тарихында алғаш рет Қазақстан кубогы мен суперкубокты ұтып алған «Ақтөбе» командасы Жапонияның Осака қаласында 11-18 мамырда өтетін Азия клубтық чемпионатында бақ сынайды. Оған Жапония, Иран, Қатар, Индонезия, Таиланд сияқты елдерден 12 команда қатысады. Өткен жылы «Павлодар» төртінші орын алған еді. Биыл сол нәтижені жақсартпақ па дейміз. Жеңімпаз бен күміс жүлдегер клубтық әлем чемпионатына жолдама алады. «Ақтөбеге» екінші орынға қол жеткізсе дейміз. Бірақ оңай болмайды. Өйткені жеребе қиындау түсті.
Ал әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атанған «Жетісу» командасы 20-27 сәуірде Филиппинде өтетін дәл осындай додада өнер көрсетеді. Талдықорғандық клуб негізінен өз ойыншыларымен барады. Тек ресейлік Сильви Уаттараның орнына «Қуаныштан» украиналық Юлия Дымар қосылды. Ерлерге қарағанда, Азия клубтық чемпионатында бәсекелестік төмендеу. Сондықтан сербиялық маман Марко Гршич шәкірттерінің үздік төрттікке ілігуге толық мүмкіндігі бар.
— Қазақстан ұлттық құрамаларынан қандай нәтиже күтуге болады?
— Қазақстан әйелдер құрамасы өткен жылы Азия челлендж кубогына қатысып, финалда Вьетнамнан 1:3 есебімен ұтылып қалды. Биыл да сондай турнирге қатысады. Ришат Гилязутдинов бастаған мамандарға бірінші орынға ие болып, Халықаралық волейбол федерациясының челлендж кубогына жолдама алу жөнінде міндет қойып отырмыз.
Оралдық маман Виктор Козик жаттықтыратын Қазақстан ерлер құрамасы өткен жылы Бахрейнде өткен Азия чемпионатында төртінші орын алған еді. Биыл сондай жарыс сол Бахрейнде болады. Үздік үштікке іліксек, тіпті жақсы болар еді. Сонымен қатар Пәкстанда Орталық Азияның рейтингілік турнирі өтеді. Орталық Азияда ерлер арасында Иран, Үндістан, Пәкістанмен бәсекеге түсу оңайға түспейді. Ал әйелдер арасында Қазақстан Иран, Үндістанмен тайталаса алады.
Қазақстанның 16 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар құрамасы Орталық Азия мен Азия чемпионатына қатысады. Волейбол федерациясының вице-президенті Елена Павлова екеуміз Оралға ұлттық лиганың финалдық турнирі алдында ертерек келіп, 2010-2011 жылғы қыздар арасынан 24 ойыншыны іріктедік. Болашағынан үміт күттіретін, бойы 188 сантиметрге дейін жететін жасөспірімдер бар. Осылардың арасынан команда жасақталады. Мақсат — әлем чемпионатына жолдама алу. Өткен жылы Қытайда өткен турнирде шешуші бәсекеде Таиландқа 2:3 есебімен есе жіберіп, жолдама уысымызға түспей қалды. 2012-2013 жылғы қыздар арасында да жақсы өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз бар. Оларға тіпті шетелдік мамандардың көзі түсе бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда волейбол жақсы дамып келе жатыр.
— 2008 жылы Қазақстан әйелдер құрамасы Бейжің Олимпиадасына қатысқаны белгілі. Содан бері ең басты жарысқа жолдама алудың сәті түспей келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
— Мен өзім сол команданың менеджері ретінде басы-қасында болдым. Ресейдің ғылыми-зерттеу институты бар, АҚШ пен Италиядан мамандар алдырып, барлығы 17 адаммен бірлесіп, 2 млн доллар демеушілік қаржыға арнайы бағдарлама жасалды. Төрт жылда тек екі-ақ ойыншы ауысты. Демеушілер табылса, Туризм және спорт министрлігі тарапынан қолдау болса, алдағы уақытта да үміт жоқ емес, бар. Бірақ Олимпиадаға жолдама алу өте қиын. Себебі оған әлемдегі ең үздік 12 құрама ғана қатысады. Халықаралық волейбол федерациясына дүние жүзіндегі 268 мемлекет мүше болып кірген. Бұл жөнінен футбол мен жеңіл атлетика федерациялары да шендесе алмайды. Бұрын әлем чемпионатына 24 команда қатысып жүрсе, қазір 32 құрамаға дейін кеңейтілді. 2006-2022 жылдар арасында Қазақстан әйелдер құрамасы бес рет әлем чемпионатында өнер көрсетті. Ерлер екі біріншілікке барды. Ең бастысы, көзқарас дұрыс болып, өзіміздің өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға қолдау көрсете білсек, нәтижеге түбі қол жетеді.
— Жаңадан заң қабылданып, легионерлерге мемлекеттік бюджет есебінен қаржы бөлу тоқтатылғаны белгілі. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?
— Бұл ретте әр спорт түрінің ерекшелігін ескеру керек еді. Футбол мен хоккей командаларында легионерлердің көбірек болатыны жасырын емес. Қазақстанның футбол клубында 11 шетелдік ойыншы алаңға шықса, бұл, әрине, дұрыс емес. Ал волейбол клубтарына үш легионерден артық алмаймыз. Бұл керек деп есептеймін. Өйткені қазақстандық жастар сол легионерлермен бірге жаттығып, ойнағаннан кейін деңгейлері өседі, шеберлік шыңына бет алады. Бара-бара легионерлердің, тіпті, керек болмай қалуы да әбден мүмкін. Міне, осы жағынан алғанда, заң кішкене дұрыс болмай, өрісімізді тарылтқан секілді.
— Қазіргі таңда қазақстандық клубтарды жаттықтыратын шетелдік мамандар да азайды. «Атырау» командасында чемпионаттың бел ортасында сербиялық Деян Вуличевич кетіп, оның орнына Ислам Жұмабеков келді. Міне, сол өз маманымыз атыраулықтарды үздік үштікке іліктірді. Бұл да жетістік емес пе?
— Әрине, бұрынғы либеро ойыншы Ислам Жұмабеков бапкер ретінде қолынан іс келетінін көрсетті. Дегенмен әлі де білімін арттырып, біліктілігін көтеруі керек. Қазақстандық мамандардың қатары көбейсе, біз де қуаныштымыз, соған мүдделіміз.
— 2023-2024 жылғы чемпионатта көш бастап келе жатқан командалар плей-офф кезеңінде ширек финалда өзінен кейінгі орындағылардан жеңіліп, жүлдеден тыс қалған кездері болды. Осы маусымда бұл жүйе өзгеріске ұшырап, тұрақты чемпионатта бірінші және екінші орын алғандар жартылай финалға бірден жолдама алды. Бұл жөнінде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Алдағы маусымда өзгеріс бола ма?
— Шыны керек, биыл финалдық кезеңде 5-8 орындар үшін ойындар көңілімізден шықпады. Өйткені жүлде болмаған соң командаларға тер төгу қызық емес. Сондықтан бас бапкерлермен бірге ақылдаса келіп, алдағы тұрақты чемпионаттан кейін үздік шыққан төрт команда үшін ғана финалдық турнир ұйымдастырмақ ойымыз бар. Олар екі айналым бойы бір-бірімен ойнап шығып, сосын жүлделі орынға таласады. Тұрақты чемпионатта 5-8 орын алған клубтар сол күйі қалады. Бұл әзірге жоба-жоспар ғана, мұны федерацияның атқару комитеті түпкілікті шешеді.
— Ұлттық лигада әйелдер арасында 10, ерлерде 9 команда қала береді ме?
— Бұл да сегіз командаға дейін қысқаруы мүмкін. Дегенмен Орал қаласында ұлттық лигаға өткен жылы ғана қосылған «Грация KZ» әйелдер клубына да қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр екен. Мұны да ескеруге тырысамыз.
— Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңізге табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бапкердің волейбол деңгейін көтеру үшін туған жеріне оралғаны туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жайық» командасы волейболдан Қазақстан чемпионы атанды.