Маманның сөзінше, қасбеттің құлауы аяқ астынан болмаған, оған дейін ақаулар ұзақ уақыт бойы қордаланған.
— Қасбеттің құлауына бірнеше фактордың жиынтығы себеп болды. Дегенмен негізгі себеп ретінде біз құрылыс сапасының өте төмен болғанын айтып отырмыз. Себебі кеше өткен сот отырысында негізгі себеп конструкциялық кемшіліктер, яғни ғимараттың жобада көзделгеннен биік етіп салынуы деген нұсқа айтылды. Алайда Астанада бізде қабырғасы толықтай кірпіштен қаланған, қаңқасыз жүйе бойынша салынған биік үйлер көп. Олар қалыпты жұмыс істеп тұр, мұндай проблема жоқ. Сондықтан басты себеп — құрылыс сапасының өте төмен болуы. Бізде зерттеу кезінде түсірілген фото және бейнематериалдар да сақталған. Сол материалдарға қарасақ, қабырғаны қалау сапасын толыққанды кірпіш қалау деп атаудың өзі қиын, — деді Д. Воробьев.
Оның айтуынша, негізгі көтергіш қабырғадағы кірпіш қатарларының өзара байланысы да, қаптама қабатының негізгі қабырғамен байланысы да талапқа сай орындалмаған.
— Екінші маңызды мәселе — қалау қатарларының өзара дұрыс байланыстырылмауы. Соның салдарынан қабырға ішкі көтергіш қабатпен толық байланыспай, тік орналасқан биік әрі бөлек қабырғаға айналған, — деді маман.
Сонымен қатар оның айтуынша, қалау жіктерінің қалыңдығы біркелкі болмаған. Уақыт өте келе қаптама қабаты негізгі қабырғадан ажырап, екі қабаттың арасындағы саңылау ұлғая түскен.
— Қаптама қабырғасы жеке тұрғандықтан, ол тиісті деңгейде бекітілмеген. Өйткені сапалы ерітінді қолданылмаған, қалау қатарлары да бір-бірімен дұрыс байланыстырылмаған. Соның салдарынан қабаттардың арасындағы саңылау біртіндеп ұлғайып, ақырында қабырға құлады. Оның нақты қай уақытта болатынын алдын ала бақылап, дәл айту мүмкін емес еді, оның үстіне адамдар құрылыс саласының маманы емес. Жағдай осылай өрбіген және соңы осындай ауыр салдарға әкеп соқты, — деді сарапшы.
Бұған дейін іс бойынша айыпталушы Сәуле Жұбаниязова өзіне қандай жағдайда айып тағылғанын айтқан еді.
Сондай-ақ, қасбеті құлаған үйде жаңа жарықшақтар пайда болғаны анықталды.