Басты міндет - әлеуметтік саясатты жаңғырту арқылы халықтың әлеуетін арттыру – Жолдау

АНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Аптаның жұмасында, яғни 28 қаңтар күні ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Елбасының биылғы Жолдауы негізінен әлеуметтік жаңғыру һәм жаңа әлеуметтік саясат мәселесіне арналды. Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысының 1997 жылғы Жолдауына негіз болған «Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланғаннан бері бұл құжат - ел дамуының негізгі бағыты ретінде алынып, оны жүзеге асырудың түрлі қағидаларына назар аударылып, еліміздің жүріп өткен жолдарына терең талдаулар жасалып, болашаққа қарай маңызды стратегиялық міндеттер қойылып келеді. Әсіресе, соңғы онжылдықта бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, соның нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сапасы артып келеді. Президент, Жолдау барысында ең әуелі биылғы жылдың ел үшін ерекше қастерлі екендігін айтып, мемлекеттің жетістіктеріне көз жүгірту мақсатында «Қазақстан 2030» стратегиясы жарияланған жылды есіне алды. Онда Мемлекет басшысы: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады» деген еді. «Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ. Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жаста ғана жеттік! Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит - соның айшықты айғағы. Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағындырдық. Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шет елдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты. Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық. Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі Елорда қондырдық. Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Қазақстанның халықаралық резерві бүгінде 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды. Ырыс - ынтымаққа жолығады, дәулет - бірлікпен толығады», - деді Елбасы.

Бұдан соң Президент алдағы негізгі бағдарға тоқталмас бұрын әдеттегіше, бұған дейінгі ел дамуындағы қол жеткен көрсеткіштерді шолып өтті. Мәселен, осы жылдар ішінде елімізге 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылса, Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарып келеді. Шағын және орта бизнестің де ел дамуына қосып жатқан үлесі сүбелі. Ал жалпы ішкі өнім өсімі 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі - 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құраған. Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артса, орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейді. «1994 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 700 доллардан сәл ғана асатын, ал 2011 жылдың 1 қаңтарында бұл 12 есеге өсіп, 9 мың доллардан асты. Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік. Ал әлемдік тәжірибеге зер салсақ, тәуелсіздіктің 20 жылдығында ешбір мемлекет бұндай нәтижеге қол жеткізген емес», - деді Н. Назарбаев. Мәселен, Оңтүстік Кореяның тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылдық дамуындағы ЖІӨ өсімі 3 есеге ғана артса, Малайзияда 3 есеге, Сингапурде 4, Венгрияда 5, Польшада 4 есеге ғана артқан.

Содан соң, Мемлекет басшысы былтырғы жылы қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тоқтала келе, бағдарламаның алғашқы жылында-ақ толайым табыстар біліне бастағанын атап өтіп, жақын онжылдықтағы стратегиялық жоспардың мақсаттарын тағы еске салды. Стратегиялық жоспар бойынша шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізу көзделеді. Жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендету, экспорттық әлеуетке барынша назар аударылады. Сонымен қатар Елбасы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқтала келе, елдің алдағы дамуында да осы сектордың маңызды болатынын атап өтті. «Күшті бизнес - күшті мемлекет» қағидатынын ұстанатынын да жеткізді.

Үкіметке жүктелген басты үш міндет

Осындай елдік даму жетістігін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы экономиканы индустрияландыру және технологиялық даму бойынша жоспарлар нақты айқындалғанын, ал ондай бағдарламалардағы басты мақсат - халықтың ахуалын жақсарту екендігін айтты. «Сондықтан да, бүгінгі Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударамын. Бұл ретте Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, ағымдағы жылғы 1 мамырға дейін жаңа үш бағдарлама қабылдауды жүктеймін. Бұлар еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл бағдарламалар еліміздің миллиондаған қарапайым адамдарының күнделікті проблемасын шешуге бағытталады әрі қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады», - деді Елбасы.

Осы үш бағдарламаның негізгі өзегіне келсек. Біріншіден, еңбекпен қамту бойынша әрбір қазақстандық индустрияландыруға қатысу үшін мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл ретте Елбасы Үкімет алдына бизнес қоғамдастығымен бірлесе отырып, индустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетін адамдарға тегін кәсіптік оқуды ұсынуы қажеттігін жүктеді. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша су, жылу, электр және газбен қамту жүйелеріне ауқымды жаңартуларды жүргізу, тұрғын үй қатынастарының оңтайлы моделін құру қамтамасыз етілуі шарт. «Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесін 2015 жылға қарай 32-ден 22 пайызға төмендету қажет. Бұл салада жаңарту бағдарламасын іске асыру жыл сайын жаңа 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы. Ал осыдан 8 жыл бұрын қолға алынған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде әлі де атқарылатын жұмыстар көп болмақ. Президент Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеп, қабылдау туралы нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, ауыз суға қол жетімділіктің орташа деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрап, судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға жауап беруі қажет. 2020 жылы қалаларда орталық сумен жабдықтауға қол жетімділік 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде - екі есе артып, 80 пайызға дейін өседі.

Мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс

Мемлекет басшысы Жолдау барысында былтыр қабылданған білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларына кеңінен тоқталып, осы бағыттағы шараларды одан сайын жетілдіре түсу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, атқарушы билік жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке көшуіне қажетті тетіктерді әзірлеп, қолжетімді білімді кеңейте түсу және оның сапасын арттыру үшін білім саласын қолдауға бағытталған қаржылық-экономикалық құрал ензігуге баса мән беруі керек. Кәсіби-техникалық кадрларды даярлау бойынша бизнес қауымдастықты қатыстыра отырып, Ұлттық кеңес құру да маңызды болмақ. Президент 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу мәселесіне де тоқталып, бұл үшін 2015 жылға қарай кем дегенде 200 мектеп салынуы тиістігін атап өтті. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша Елбасы соңғы жылдарда қол жеткен табыстарды саралап, 2013 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін ендіру аяқталатынын да еске салды. «Біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің сапасын арттырып, алдын алу жұмыстарын нақты қолға алуымыз керек. Сондықтан Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылайтын ұлттық бағдарлама кешенін ендіру қажет. Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекке қол жетімділікті кеңейту қажеттігіне ерекше назар аудару қажет», - деді Н. Назарбаев.

Содан кейінгі кезекте тіл мәселесіне тоқталған Президент, 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазастандықтардың саны кем дегенде 95 пайызға жетуі қажеттігін атап өтті. «Қазіргі таңда мемлекеттік тілді еркін меңгерген халықтың ішінде ересек адамдардың саны басым көпшілікті құрайды. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің орасан зор жетістігі. Оны айтып отырғаным 1991 жылы, тәуелсіздік жариялаған кезде Қазақстандағы қазақ халқының саны қанша еді? Халықтың жартысынан кем еді. Өз тілінен айырлып қала жаздаған, ана тілін білмейтін қазақтардың саны қанша еді? Мінеки осы жылдардың ішінде істеген шаруамыздың арқасында біздің санымыз халықтың 70 пайызына жақындап қалды. Бұл шынында да үлкен табыс. Енді алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады. Және біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз», - деген Мемлекет басшысы қазақстандықтардың мемлекеттік тілді - қазақ тілін шын құрметпен меңгере бастағанын да атап өтті. «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жақындап келе жатыр ғой. Барлық халыққа түсіндіруіміз керек. Мемлекеттік қызметте, басқару жүйесінде, басқа жерлерде, барлық орындарда үлкен қарқынмен ана тілімізге көшуіміз қажет», - деді Елбасы.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге бүкіл халық күш салады

Бұдан соң, Елбасы 2011 жыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы болып белгіленгенін айтып, бұл ретте арнайы комиссия да құрылғанын, жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті. «Бұл - жалпыхалықтық іс. Осыған қарай Үкіметті инвесторлар мен бизнес-қоғамдастықтардың және қазақстандықтардың күшін біріктіре отырып, осы шараларды жүзеге асыруға шақырамын. Біздің бағдарлама «Бейбітшілік пен жасампаздыққа - 20 жыл» деп аталады», - деді бұдан әрі сөзін жалғаған Президент. Елбасының айтуынша, бұл бағдарлама арнайы қалың көпшілікке жария етіліп, оны іске асыруға барша қазақстандық күш салатын болады.

Сөз арасында Мемлекет басшысы соңғы уақытта басты саяси мәселеге айналған референдумға да тоқталды. «Мен өзімнің Жарлығыммен Парламенттің референдум өткізу жөніндегі ұсынысын қабылдамадым. Өйткені 2012 жылы өтуі тиіс Президент сайлауына қатыспақшы едім. Парламент өзінің өкілеттігін пайдалана отырып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдады. Мен бұл заңды Конституциялық кеңеске жолдадым. Конституциялық кеңес осы заңның еліміздің заңдары мен Ата заңымызға сай екендігін анықтағаннан кейін ғана соңғы шешім қабылданады. Мен бұл лауазымда біраз уақыттан бері қызмет етіп келемін. Біз барлық қиындықтарды бірге өткіздік, күрделі деген мәселелерді бірге шештік. Осы уақытта халық менімен бірге болды. Бұл кез-келген саясаткер үшін ең үлкен мадақ. Ал Президент үшін әсіресе. Мен, ең бастысы халықтың «Лауазымыңнан бас тартпа, қызметіңді жалғастыр!» - деп отырғанын түсіндім. Егер менің денсаулығым мүмкіндік беріп, күш-қуатым жетіп жатса, ынтымағымыз осындай болса және халық қолдап жатса қанша уақыт болса да жұмыс істеуге дайынмын», -деді Президент.

Биылғы жылы көпвекторлы сыртқы саясаттағы басымдық Азияға ойыспақ

Жолдау барысында Елбасы Қазақстанның сыртқы басымдығына да назар аударып өтті. Бұл ретте Президент ағымдағы жылғы Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етудегі рөліне байланысты тоқталды. «ИКҰ-ға төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс. Біз Батыс пен Ислам әлемінің диалогын күшейту бастамасын алға тартамыз», - деді Елбасы. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ағымдағы жазда Астанада ШЫҰ-ның мерейтойылық саммиті өтетінін айтып, ұйымның Қазақстанның белсенді қатысуымен құрылғанын, сол үшін оның күшеюіне барлық қажетті шараларды атқару керектігін алға тартты. «Сонымен қатар, биыл біз Алматыда Ауғанстан мәселесі бойынша арнайы донорлық конференция ұйымдастыруға бастамашы болғалы отырмыз. Бұған дейін мен Каспийдегі тұрақтылыққа байланысты пактіге қол қою идеясын ұсынған болатынмын. Бұл халықаралық құжат Орталық Азия мен Кавказ аумағында тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз қалайды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық аясындағы қақтығыстарды реттеу бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Біз жаһандық ядролық қауіпсіздік саласында лидер болып қала береміз. Қазақстан БҰҰ-ға ядросыз әлемнің баршаға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынады», - деді Елбасы.

«Таяуда Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерілгенін баршаңыз білесіздер. Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіруде. Мен елдің бұл ыстық ықыласын тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген бағасы деп білемін. Отанды қалтқысыз сүю - оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді.Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған сыраттың көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым.Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін. Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз - біздің ортақ табысымыз. Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін! Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты құндылығымыз - берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін. Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар.Біз бүгінгі Жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасадық. Мерекелі күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!», - деген тілекпен Елбасы жолдауды аяқтады.