Сіздердің қарауларыңызға екі құжат енгізіліп отыр, яғни біріншісі - Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы, ал екіншісі - «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы», деді министр.
Ведомство мәліметіне қарағанда, әлемдік экономиканың ағымдағы жағдайын, тауар нарықтарындағы конъюнктураны және ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан экономикасы салаларының даму қорытындыларын ескере отырып, 2016 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Бұл ретте мұнайдың орташа жылдық бағасы бір барреліне 30 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейін өсті. Металл бағаларының өзгеру индексі 2015 жылдың деңгейіне 15,0%-дан 12,7%-ға дейін төмендеді. АҚШ долларының орташа жылдық есептеу бағамы бір АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде сақталды. Ағымдағы жылғы қазан айында «Қашаған» кен орнының іске қосылуының жоспарлануына байланысты мұнай өндіру көлемі 74,0 млн. тоннадан 75,5 млн. тоннаға дейін өсті, деді Қ. Бишімбаев.
Сондай-ақ, биылдың басынан бергі экономика салаларының даму серпінін және жаңартылған сценарийлік жағдайларды ескере отырып, 2016 жылы ІЖӨ-нің өсуі бұрын мақұлданған 0,5% деңгейінде қалады. Ал номиналды ІЖӨ 44 трлн. 354,0 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл ақпан айында мақұлданған көрсеткіштен 187,5 млрд. теңгеге артық. Ал халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ-і 6,9 мың АҚШ долларын құрайды.
Үкімет отырысында 2017-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылаудың басты мақсаты - тиімді жұмыс орындарын құру, экономикалық өсімді ынталандыру. Бұл бағыттарға 283,4 млрд. теңге жұмсау көзделіп отыр, деді қаржы министрі. Сондай-ақ, үш негізгі блок бойынша бюджет шығыстарын арттыру көзделеді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп секторын қолдауға қосымша 97,3 млрд. теңге бөлу қарастырылады. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңіне қосымша 112 млрд. теңге көзделеді. Ал көліктік инфрақұрылымды дамытуға 74 млрд. теңге бөлінетін болады, деді Б.Сұлтанов.
Ағымдағы бюджетті нақтылауға әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына да бюджеттен қосымша қаражаттар қарастырылып отыр. Бюджет жобасында осы мақсаттар үшін күш құрылымдары бағыттарына қосымша қаражат 72 млрд. теңге шамасында бөлінетін болады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банктің негізгі индикаторлары туралы әңгімеледі. Айтуынша, жыл соңына дейін еліміздегі инфляцияның болжанған деңгейден асып кету қаупі бар. Дегенмен, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар баға мен тарифтердің өсіп кетуіне жол бермеу бойынша шаралар кешенін іске асырған жағдайда 2016 жылы инфляцияны бекітілген деңгейде ұстап тұруға болады. Ал Ұлттық банк өз тарапынан ақша және валюта нарықтарында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған айқын ақша-кредит саясатын жалғастыруды қамтамасыз етеді, деді Д.Ақышев.
Отырыс қорытындысында Әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен заң жобалары мақұлданды.