Басты міндет ? ҚР Қарулы күштерінің әскери дайындығын арттыру

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат – Астанада Даниал Ахметовтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кезекті алқа мәжілісі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оған Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Штаб бастықтары комитетінің төрағасы, ведомство департаменттері мен басқарма бастықтары, Қарулы Күштер бас басқармасының бастықтары, бас қолбасшылар, ҚР ҚК әскер түрлерінің басшылары, әскери оқу орындарының бастықтары мен олардың орынбасарлары, Ақмола гарнизоны мекемелері мен әскери бөлімдерінің бастақтары және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары қатысты.Алқаның күн тәртібінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларды талқылау және оны шешудің жолдарын белгілеу.Елбасы тапсырмаларын орындау үшін Әскери доктринаның негізгі ережелеріне сәйкес 2007 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі армияны қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Қарулы күштердің құрылымдарын жетілдіру, олардың жауынгерлік даярлығын арттыру үшін Президенттің Жарлығымен Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшылығы құрылды. Қорғаныс министрлігі әскерлердің жауынгерлік даярлығын жеделдетуді арттыра отырып, кәсіби әскери басқару корпусын құруда. Мемлекет басшысы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауында алдағы кезеңнің бағдары мен міндеттерін айқын белгілеп берді. Қорғаныс ведомствосының басшысы белгіленген міндеттерді орындауда Қарулы Күштер құрамы жетекшілері маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Біз, Сіздермен бірге әрбір офицер, сержант пен сарбаздың іс-қимыл жүйесін дамытуымыз және міндеттерді нақтылап белгілеуіміз керек, - деді Даниал Ахметов. ? Барлық әскери қызметкерлер секілді, осы алқаға қатысушылардың белсенді ұстанымы алдағы тапсырманы жүзеге асырудың сенімді факторы болады».