Басты назарда - рұқсат беру жүйесін жетілдіру мен көліктегі бақылау мәселелері - ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрі Б. Камалиев рұқсат беру жүйесін жетілдіру мен көліктегі бақылау мәселелері бойынша отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырысқа «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы және көлік-коммуникациялық ассоциациялардың басшылары қатысты.

Отырыс барысында халықаралық және ішкі тасымалдауды жүк және жолаушы көліктерімен жүзеге асырылу кезіндегі рұқсат беру жүйесінің қызмет ету механизмі, қазіргі қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ, көліктік бақылау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері қаралды.

ҚР көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Бәрменқұлов көліктік бақылау органдары жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, рұқсат беру құжаттарын қысқарту, 22 стационар посттарын консервациялау, бірқатар бақылау-қадағалау қызметтерді автоматтандыру туралы ақпарат берді.

Отырыстың қорытындысы бойынша, көлік ведомствосының басшысы Б.Камалиев ағымдағы айдың аяғына дейін стационарлық бекеттерге, автокөлік құралдары сапарларға кездейсоқ жіберілетін жерлерге «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен» Одағы» ҰЭП және қоғамдық бірлестіктерді тарта отырып, рейдтік тексерістер жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, ассоциацияларға бақылау-қадағалау қызметі мен рұқсат беру жүйелерін оптимизациялау жағынан өз ұсыныстарын енгізу ұсынылды.