Басты назарда - теміржол көлігінің даму перспективасы - ККМ

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат. Тамыздың 20-да Көлік және коммуникация министрлігінде (ККМ) ведомство  басшысы Әбілғазы Құсайыновтың  төрағалығымен «Қазақстан Республикасының теміржол көлігінің 2020 жылға дейінгі даму перспективасы»  тақырыбына арналған кеңес  өткізілді,

деп хабарлады ККМ баспасөз қызметінен.

Кеңес отырысына ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ      өкілдері қатысты.

Кеңесте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның корпоративтік даму жөніндегі атқарушы директоры Еркін Жусанбаев «Қазақстан Республикасының теміржол көлігінің 2020 жылға дейінгі даму перспективасы»  жобасы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, еліміздің теміржол көлігінің негізгі проблемасы монополистік әрекеттер, соның салдарынан, қатаң тарифтік және техникалық басқарудың сақталуы болып отыр. Осыған байланысты, тарифтік реттеуден шығу үшін жеке тасымалдаушы институтын құру қажет.

 Еуропалық Қайта құру және даму банкінің өкілдері Жанар Рымжанова мен Асқар Жанасбаев  алыс шетел, Еуропа және ТМД елдерінің теміржол саласын реформалау тәжірибесін ескере отырып, аталған мәселелерді реформалауды жүзеге асыруда Еуропа Қайта құру және даму банкімен бірлесіп қарым-қатынас жасау бағыттарымен бөлісті.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілі Нұржан Байдаулетов және  «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ өкілі Ермек Қизатов саланы дамыту жобасын қолдап, ұсынылған жобаны қабылдап, жетілдіру үшін іс- әрекеттердің реті мен бағдары бойынша бірнеше ұсыныстар енгізді. 

Кеңес отырысын қорытындылай келе, министр Әбілғазы Құсайынов теміржол саласының жағдайы қазіргі жай-күйі саланы реформалаудың әлемдік тәжірибесі мен көрші елдердің теміржол саласындағы қызмет көрсету жағдайлары өзгергендігін ескере отырып, перспективадағы даму жолдарының мүмкіндіктері бойынша тез арада  шешім  қабылдауды талап ететінін ескертті. Аталған жұмыстың барлығы мемлекеттік реттеудің әрекеттік  механизмімен саланың тиімді және оңтайлы құрылымның қалыптасуына және болашақта тасымалдаушылар үшін бәсекелестік орта жасауға  бағытталуға тиіс.

Министр теміржол саласын дамыту жобасын қабылдауды тездету үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруға тапсырма берді.