«Бәтеңке» батырына ескерткіш орнатылды
10:17, 30 Қаңтар 2009
БАҒДАД. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат - Өткен жылы Бағдадта өткен баспасөз мәслихатында АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Бушқа бәтеңкелерін лақтырған журналист Мұнтазер әз-Зейдиға құрмет ретінде ирактықтар қоладан ескерткіш тұрғызып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап. Тикритте қайырымдылық қорларының бірінің бағында биіктігі 3 метрлік ескерткіш орнатылған. Ескерткіштің іргетасындағы тақтайшаға журналисті мадақтаған өлең жолдары жазылған. «Бұл Ирак халқы мақтан тұтатын Мұнтазер әз-Зейдидің отбасына жасалып отырған сыйлық», - деді ескерткіштің ашылу салтанатына қатысушылардың бірі. Әлемді шулатқан «бәтеңке лақтыру» оқиғасы Бағдадта Джордж Буш пен Ирак премьері Нури әл-Маликидің бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде орын алғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. «Әл-Бағдадия» телеарнасының 29 жастағы тілшісі Мунтазер аз-Зейди Бушқа бәтеңкесін лақтырып тұрып, «Мынау саған жетім-жесірлерден, Иракта өлтірілгендерден қоштасу сәлемдеме» деп айқайлаған болатын. Журналист оқиға орнында қамауға алынды, қазір ол абақтыда. Әз-Зейди шет мемлекеттің басшысына шабуыл жасағаны үшін айыпталып отыр. Сот оны кінәлі деп таныған жағдайда, журналисті 15 жылға дейін қамау күтіп тұр.Журналисті қорғауға 100-ден астам араб және басқа да елдердің адвокаттары ниет білдіруде. Өз қызметін ұсынғандардың қатарында Ирактың экс-президенті Саддам Хусейннің бұрынғы адвокаттарының бірі Халил әд-Дулейми де бар.