Батыл команда — Қазақстан құрамасымен өткен ойын жайлы бельгиялық футболшылар пікір білдірді

Фото: Арнур Рахимбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Есеп ірі жеңіспен аяқталғанына қарамастан, Бельгия құрамасының ойыншылары Kazinform агенттігіне Қазақстанның жас құрамасымен өткен ойын оңай болмағанын айтты.

Қазақстан құрамасының қақпасына гол соққан және «Манчестер Сити» клубының ойыншысы Джереми Доку қазақстандықтардың ойынның бірінші жартысында жақсы қорғанғанын айтты:

— Қазақстан құрамасы өте жақсы ойнады, әсіресе алғашқы жиырма минутта. Олар жақсы ойын көрсетті. Маған 19-нөмірлі ойыншы (Дастан Сатпаев) ұнады. Оны жеке танымасам да, қызықты ойыншы екенін байқадым, — деді Бельгия құрамасының шабуылшысы.

Дж. Доку Қазақстан құрамасына болашақта спорттық дамуға жетістіктер тіледі.

Италияның «Аталанта» клубында ойнайтын бельгиялық жартылай қорғаушы Шарль Де Кетеларе де алғашқы таймдағы Қазақстан құрамасының мықты қорғанысын атап өтті.

Фото: Арнур Рахимбеков/Kazinform

— Оларды бірінші таймда аша түсу қиын болды. Бірақ біз гол соққаннан кейін өз ойынымызды тауып кеттік, — деді Ш. Де Кетеларе.

Сондай-ақ, бельгиялық жартылай қорғаушы Қазақстан құрамасының ойыншысы Ян Вороговскийді Бельгия чемпионаты арқылы танитынын және ол туралы жақсы пікірде екенін жеткізді.

Бельгия құрамасының және «Рейнджерс» клубының жартылай қорғаушысы Николя Раскин қазақстандық ойыншыларды «батыл команда» деп атады. Сонымен қатар, ол Астанада өтетін жауапты ойынды да бельгиялықтар үшін оңай болады деп санамайтынын айтты.

Фото: Арнур Рахимбеков/Kazinform

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасындағы матчтан кейін Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев арнайы тілшіге пікір білдірген болатын.

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеу матчында Бельгиядан 0:6 есебімен жеңілді.

Ойыннан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері отставкаға кететінін мәлімдеді.