Батылдық, мейірім, мықты рух – Елордада қайырымдылықпен айналысатын жандар марапатталды

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы алтыншы жыл қатарынан «Қайырымдылық керуені» байқауын өткізді. Байқау игі іс жасайтын адамдарды анықтауға және ынталандыруға, қайырымдылық идеясын насихаттауға бағытталған.

Бүгінгі жеңімпаздар арасында адамды ажалдан арашалағандар мен қайырымдылықпен айналысып, ұлттық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізіп жүрген меценаттар да бар.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бір ғана биылғы байқауға 949 өтінім келіп түссе, 6 жылдың ішінде 4 мыңға жуық өтінім тіркелген. Коммисия мүшелеріне де жеңімаздарды анықтау оңайға соқпаған. Себебі іс жүзінде әр қатысушы марапатқа лайық.

Мәселен, «Туған жер» номинациясының жеңімпазы, Жамбыл облысы Мерке ауылының тұрғыны Мария Нисонова туабітті зағип болғанына қарамастан көптеген адамның өміріне мағына сыйлауда.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Мен аудандық кітапхананың мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлімінде жұмыс істеймін. Жұмысым маған ләззат сыйлайды. Біз Брайль шрифтін үйретеміз, телефонды сөйлеу бағдарламалары арқылы қолданамыз, үстел ойындарын ойнаймыз және моншақтан сөмке тоқимыз. Осылайша қиялымызбен бірге ұсақ моторикамыз да дамиды. Бізге қажет тактильді кітаптар тек Тараз қаласында сатылады, мен олардың Меркеде де сатылғанын қалар едім. Бүгінгі байқаудан бірінші орын алғанымды естігенде балаша қуандым», - дейді Мария Нисонова.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мария зағип және нашар көретін адамдарға арналған компьютерде жұмыс істеу, қолөнер, дойбы және шахмат ойындарын үйрету арқылы ерекше қажеттілігі бар ауыл тұрғындарына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады, фортепианода, баянда ойнайды. Ертегі жазып, ересектер мен балаларға әдеби кештер ұйымдастырады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

 

Байқаудың «Асар» аталымында Ақмола облысы Қосшы қаласынан келген музыкант Азамат Бақи жеңімпаз атанды. Ол Құрманғазы атындағы консерватория түлегі және музыкалық аспаптарда ойнап қана қоймай, қолдан жасаумен шұғылданады. Ұмыт болған қазақ аспаптарын зерттеп, қайта жаңғыртумен айналысады. Көптеген аспапты Қытай мен Моңғолиядан әкелсе, кейбірін атақты музыканттар мен әншілердің ұрпақтарынан сатып алған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ол 2015 жылы «Уілдек», «Тастауық», «Үскірік», «Құссайрауық», «Шыңырау», «Қоссаз», «Қосуілдек» секілді қазақтың үрмелі аспаптарын жаңғыртқан. Оған қоса, «Ортеке» қуыршақ театрының алғашқы онлайн байқауын ұйымдастырып, театрға әуен жаған. Қосшы қаласының Мәдениет үйінде Ұлттық аспаптар музейін ашқан. Музей қорында 1600-ге жуық аспап бар.

«Мейірім жолы» номинациясының жеңімпазы Владимир Поляковтың да өмірі көпке өнеге боларлықтай. Ол өзі тұратын Павлодар облысы Шарбақты ауданын абаттандыруға демеуші болып, көмек қолын созып келеді. Ауылдың жас мамандары үшін баспана салып, орталық саябағын қалпына келтірген. В. Поляковтың қолдауымен киім ауыстыратын жылы бөлмелері бар хоккей корты, жасанды жабыны бар футбол алаңқайы, балаларға бұқаралық спорт түрлерімен айналысатын бірнеше ойын алаңы салынған. Бұл істерді атқаруға кейіпкеріміз 20 миллион теңге жұмсаған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сонымен бірге, Владимир Поляков көптеген мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде материалдық көмек көрсетіп келеді.

«Батыл жүрек» номинациясында 6 баланы өрттен аман алып шыққан шымкенттік Марина Гафарова марапатталды. Маринаның өзі де көпбалалы ана. Ол түн ішінде көршісінің үйі өртеніп жатқанын байқап, дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Өзі де көмекке ұмтылып, үйдің терезесін сындырып, отқа оранған үйден кәмлете жасқа толмаған алты баланы алып шыққан. «Қайырымдылық керуені» сахнасында ержүрек әйелге құрмет көрсетілді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Соңғы «Қайырымдылық тарихы» аталымында Алматы тұрғыны Александр Цой үздік деп танылды. Блогер, музыкант және қоғам қайраткері А. Цой әлеуметтік желідегі парақшасында қайырымдылық жобаларын жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді ұйымдастырады. 2020-2021 жылдары Александрдың ұйытқы болуымен 21 балаға бионикалық протез тарту етілді. Соңғы 3 жылда тірек-қимыл аппараты аурулары бар тағы 22 балаға инновациялық, тиімділігі жоғары құрал – экзоскелет алынған.

Салтанатты кеште І, ІІ және ІІІ орын жүлделерімен 24 адам марапатталды. Оларға дипломдар мен медальдар табыс етілді. Қайырымдылықпен айналысатын тағы 11 адамға ынталандыру сыйлығы берілді. Барлық жеңімпаздарға тұрмыстық техника сатып алуға сертификаттар берілген.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform