АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында фототұзаққа қоңыр аю түсіп қалды. Қорық аумағында орнатылған камера жабайы аңның адам жоқ кездегі тіршілігін таспаға түсірген.
Жабайы жануарлар адамды байқаған сәтте көбіне бой тасалап үлгереді. Ал тәулік бойы жұмыс істейтін фототұзақтар оларды мазаламай, табиғи ортадағы әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл жолы камера объективіне орманның ірі тұрғыны — қоңыр аю іліккен.
— Мұндай кадрлар қорық мамандарына жануарлардың тіршілігін бақылап, олардың мекен ету ортасы туралы мәлімет жинауға көмектеседі, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Науырзым қорығында орнатылған фототұзаққа жабайы қабан түсіп қалғанын хабарлағанбыз.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Республикалық "Ұлан" газетінде, Baribar.kz, Holanews.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Ulysmedia.kz порталдарында журналист, продюсер, шығарушы/шеф/бас редактор қызметтерін атқарған. 2025-2026 жылдары Kazinform агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы.