БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңір мектептерінде 126 мыңнан астам оқушы білім алады.
Елдос Набиоллаұлының сөзіне қарағанда, алдағы оқу жылына 1 сыныпқа 10,6 мың бала қабылданса, соның 76 пайызы қазақ тілінде оқитын болады. Қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
- Жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті бюджет есебінен жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға қажетті құрал, киімдер алу үшін 8 208 балаға 46 мың теңгеден ата-анасының есеп-шоттарына барлығы 379,4 млн теңге аударылды. Сонымен қатар жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында 700-ден астам жеткіншекке 10 млн теңгеге жуық көлемде кеңсе тауарлары, киім-кешек және қаржылай түрде демеушілік көмек көрсетілді, - деді Е.Сафуллин.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа оқу жылына дейін «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының әлеуметтік жобалары аясында Казталов ауданы Қоныс ауылында 60 орындық пайдалануға берілмек. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Келешек мектептері» аясында 6 мектеп құрылысы аяқталады. Оған қоса білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының есебінен Оралда № 8 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп ғимараты өз есігін айқара ашады.
Сондай-ақ облыс бойынша 6 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Соның біреуі жаңа оқу жылына, қалған бесеуі жыл соңына дейін мәресіне жетеді.
- Білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайту мақсатында биыл 23 кабинет жабдықтарын сатып алуға облыстық бюджет есебінен 299 млн теңге қарастырылды. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 4 ауыл мектебінде 20 кабинет жабдықталып жатыр. Білім беру мекемелерін қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 304,3 млн теңге бөлініп, білім беру ұйымдары 100 пайыз қамтылды. Сондай-ақ жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 998,8 млн теңге берілді. Қазіргі таңда сатып алынған оқулықтарды мектептерге жеткізу жұмыстары жүргізілуде, - деп қосты Е.Сафуллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бірінші сыныпқа 12 мыңға жуық оқушы қабылданатынын жазған едік.