Батыс Қазақстан облысы Қоржын ауылында үйлер су астында қалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылында күрделі жағдай болып отыр.
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, аталған ауылда 130-дай үйде 600-дей тұрғын тұрады.
«Қазір тұрғындар мектеп ғимаратына көшіріліп, шұғыл көмек көрсетіліп жатыр. Бұдан бөлек, облыста 70 үйге су кірді. Атап айтқанда, Орал қаласында 19, Бәйтерек ауданында Переметный, Володар, Дариян ауылдарында 10, Тасқала ауданы Мерей ауылында 4, Теректі ауданында Аңқатыда 16, Подстепныйда 17, Теректіде 2, Ұзынкөлде 2 үй суға кетті. Оған қоса Оралда 17 әлеуметтік нысан, 5 көпқабатты үй, Бәйтеректе 2, Теректіде 2 әлеуметтік нысанның жертөлелеріне су кірді. Әйтсе де, бұл соңғы мәлімет емес. Ақпарат сәт сайын өзгеріп жатыр. Оның үстіне бірқатар өзенде су деңгейі көтерілу үстінде. Қысқасы, қауіп сейілмей тұр. Облыста су тасқынына қарсы күрес жалғасуда», - деді Қалияр Шадиярұлы.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында қардың күрт еріп, жаңбыр жаууы салдарынан Жақсыбай өзені арнасынан асып, 80 жеке тұрғын үй су астында қалды. Шамамен 300-400-ге жуық адам ауыл мектебіне көшірілді. Автокөлік қозғалысы тоқтатылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жарияланғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанның Аңқаты ауылында 16 үйге су кірді.
Батыс Қазақстанда Самара-Шымкент жолының екі учаскесін су басып кетті.