Батыс Қазақстан облысында 1 мыңнан астам киік қырылып қалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында 1 мыңнан астам киік қырылып қалды.
Фото: Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен
Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, оқиға 12 сәуір күні кешкісін Мұратсай ауылдық округінде болды.
Ауыл маңындағы Мұратсай су қоймасынан 1 мыңнан астам киіктің өлексесі табылды.
«Сәуір айында осы Мұратсай ауылының тұсымен киіктер Жәнібек ауданына қарай төлдеу үшін өтеді. Әлсіз болды ма, әлде бірін-бірі тапап өлтірді ме, себебі белгісіз. Қазіргі кезде «Охотзоопром» мекемесі, «Бөкейордасы» табиғи резерваты, аудан және ауыл әкімдігі қызметкерлері, ветеринар мамандар судан өлекселерді шығарып, шұңқырға көму жұмыстарын жүргізбекші. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен ғалымдар келмекші. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлері судан сынама алды. Жағдай бақылауда. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», деді Kazinform тілшісіне Н.Даумов.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).