Батыс Қазақстан облысында 245 шақырым жолды жөндеу аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жалпы ұзындығы 245 шақырым автожолды реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

Фото: ҚазАвтоЖол

Жолдарды жаңғырту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында облысаралық және ауданаралық автожолдарды кең ауқымда жөндеу жөнінде берген тапсырмалары аясында жүргізілді.

Атап айтқанда, ұзындығы 142 шақырым болатын «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолы реконструкцияланып, тағы 103 шақырымдық «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолында тиісті жұмыстар жүргізілді.

– Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жалпы ұзындығы 245 шақырым жолдағы реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары 100% аяқталды, – делінген ақпаратта.

Жолдардың жөнделуі аталған аудандар мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартты. Нәтижесінде тұрғындардың облыс орталығына жету уақыты екі еседен астам қысқарған.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда жол инфрақұрылымына 81,7 млрд теңге салынды.