Батыс Қазақстан облысында 26 адам коронавирус жұқтырды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 26 адам коронавирус дертін жұқтырды.

Фото: Pixabay

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның 21-і қаңтар, бесеуі ақпан айында тіркелді. 

Оның сөзіне қарағанда, солардың 8-і жүкті әйелдер болса, 9-ы — 14 жасқа дейінгі балалар. 18 адам ауруханада ем алса, соның 8-і — жүкті әйелдер.

«Секвенирлеу мақсатында Астана қаласындағы молекулярлы-генетикалық зертханаға 4 сынама жолданды. Нәтижесі кейін белгілі болады» деді М.Арыспаев.

Департамент басшысының айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, аурушаңдық 60 пайызға өсті. 1 қазаннан бері 126 795 адам ауырса, соның 81 686-сы — 14 жасқа дейінгі балалар. 

Сонымен қатар 82 адам тұмаумен сырқаттанса, соның 28-і — 14 жасқа дейінгі балалар, 24-і — жүкті әйелдер.

Облыста сондай-ақ қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз деп сипатталады. Күні бүгінге дейін 255 адам қызылша жұқтырған. Ауырғандардың 89,3 пайызы — екпе алмағандар.

Өңірде 12 нысанға медициналық бақылау орнатылса, соның алтауы — мектеп, үшеуі — балабақшалар. 

«Қазақстан халқының арасында инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19 коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында 8 ақпаннан бастап „Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы“ № 2 қаулы күшіне енді. Соған сәйкес медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маска пайдалануы, антисептиктің болуы қамтамасыз етілуі міндеттелді. Халық көп жиналатын жерлерде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚО, банктер және басқа), көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген масканы пайдалануға ұсыным беріледі» деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 200-ден асып кеткенін жазған болатынбыз.