Батыс Қазақстан облысында 50-ге жуық малды қолды еткендер ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан 4 адам қолға түсті.
БҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Бөкей ордасы және Тасқала аудандары полиция бөлімдерімен бірлесе отырып, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде қылмыстың бетін ашты.
Анықталғанындай, 2024 жылғы қараша айынан биылғы маусымға дейін күдіктілер Бөкей ордасы ауданы аумағында еркін жайылымда жүрген ірі қара малын ұрлап келген. Барлығы 49 бас ірі қара жымқырылған. Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын – шамамен 20 млн теңге.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар олардың мал ұрлығы бойынша тағы үш қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды. Қазіргі уақытта олардың өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 2 адамның сот шешімімен бостандыққа шыққанын жазған едік.