БҚО полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Асылбек Биғазиевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде 24-і немесе 85,7 пайызы бойынша мал еркін жайылымнан әкетілген.
Асылбек Мақсотұлының сөзіне қарағанда, қабылданып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде мал ұрлығы өткен жылғыдан 3,4 пайызға төмендеді, ашылу деңгейі — 81,8 пайыз.
Алайда ауыр санаттағы мал ұрлығы 54,5 пайызға (11-ден 17-ге) өсіп отыр. Мұның ашылу көрсеткіші бірқалыпты — 80 пайыз.
— Қолды болған 191 малдың 50-і немесе 26,2 пайызы иелеріне қайтарылды. Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, 2025 жылы жаз кезінде 18 мал ұрлығы тіркелсе, күз айларында 36-ға жеткен. Малдың еркін жайылымнан ұрлануы тұрғындардың немқұрайлылығын, үй жануарларының бағымсыз жүретінін көрсетеді, — дейді Асылбек Биғазиев.
Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айында Казталов ауданында 4 адамнан құралған қылмыстық топ ұсталған еді. Олардың 65 бас мал ұрлығына қатысы бар екендігі анықталып, қылмыстық іс 7 эпизод бойынша сотта қаралып жатыр.
Сол секілді биылғы қаңтар айында Жаңақала ауданында 2 адамдық топтың 7 бас ірі қараны қорадан ұрлағаны белгілі болды. Бұлар 5 жылға шартты мерзімге сотталды. Наурыз айында Бөкей ордасы ауданында екі адамның 7 бас жылқыны қолды еткені анықталып, олар да 5 жыл шартты жазаға кесілді.
Оған қоса Жаңақала ауданында 2 бас ірі қараны ұрлағаны үшін 4 адамнан тұратын топтың ісі сотта қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның батысында ірі есірткі арнасының жолы кесілгенін жазған едік.