АСТАНА. KAZINFORM – Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1 ақпан сағат 23:30-дан бастап Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдың бір бөлігінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс уақытша шектелді.
Шектеу «Атырау – Орал» автожолының 371-492 шақырым аралығында, яғни Орал қаласы мен Чапай ауылы арасындағы учаскеде енгізілді.
- Жол қозғалысын 2 ақпан күні сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.
Қосымша ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады, - делінген ҚазАвтоЖол ақпаратында.
Айта кетейік, ертең Қазақстанның 15 өңірінде күн райы бұзылатыны хабарланды.
Асхат Райқұл
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған.
2022 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің шығарушы редакторы.