Жиында Жолдауда белгіленген негізгі бағыттар мен оларды өңірде жүзеге асыру шаралары қаралды. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, инвестиция тарту, әлеуметтік нысандар салу, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және ауыл шаруашылығын қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жылдарға арналған жоспарлар туралы баяндады. Соңғы төрт жылда облыста 38 мектеп салынып, 7 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Сондай-ақ шамамен 1,5 мың шақырым автомобиль жолы жөнделіп, жаңғыртылды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында жаңа мектептер, медициналық мекемелер, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, 2027 жылы Орал қаласының «Жұлдыз» шағынауданында 1500 орындық мектептің, сондай-ақ облыс аудандарында апатты жағдайдағы бес мектептің орнына жаңа білім беру нысандарын салу көзделген.
Сонымен қатар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялау, экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу перспективалары талқыланды.
Облыс әкімі басқарма басшыларына, Орал қаласы мен аудан әкімдеріне Жолдауды іске асыру жөніндегі нақты міндеттер, мерзімдер және жауапты орындаушылар айқындалған өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Нариман Төреғалиев құрылыс және жол жұмыстарының сапасына, инвестициялық және агроөнеркәсіптік жобалардың жүзеге асырылуына, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты басшыларға қойылған міндеттердің орындалуын жеке бақылауға алу тапсырылды. Жұмыстың басты өлшемі — халықтың өмір сүру сапасын нақты жақсарту.