Батыс Қазақстан облысында сүт өндірісі артып келеді

Фото: Фото: Ақорда

ОРАЛ. KAZINFORM — Жүзеге асырылып жатқан жобалардың арқасында өңірдегі сүтпен қамтылу деңгейі 22,3%-дан 36,8%-ға дейін артты, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар аясында сүт-тауар фермаларының құрылысы мен кеңейтілуі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру» мемлекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылып жатыр.

Фото: БҚО әкімдігі

2023 жылы осы бағдарлама аясында 1 900 басқа арналған 4 ірі сүт-тауар фермасын салуға және кеңейтуге бірқатар қаражат бөлінді. Қазіргі таңда осы жобалардың екеуі пайдалануға берілсе, қалған екеуінің құрылысы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп күтіліп отыр.

Фото: БҚО әкімдігі

Ал 2024 жылы тағы 3,8 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие қаражаты бөлініп, 400 басқа арналған жаңа сүт-тауар фермасының құрылысы қолға алынды. Бұған қосымша, жеке инвесторлардың бірі өз қаражатына осындай қуаттағы тағы бір ферманың құрылысын жүргізіп жатыр. 

Фото: БҚО әкімдігі

— Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар облыстың сүт өніміне деген ішкі қажеттілігін өтеуге елеулі үлес қосып келеді. Соның нәтижесінде өңірдегі сүтпен қамтылу деңгейі 22,3%-дан 36,8%-ға дейін артып, жылдық өндіріс көлемін 41,2 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, — делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін БҚО-да қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылғаны анықталды.