ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында кейінгі тәулікте Жайық өзеніндегі су деңгейі сәл-пәл көтерілгені байқалады.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, трансшекаралық өзендегі су деңгейі Ресейдің Орынбор қаласында бір тәулікте 7 (425 см), Елек ауданы тұсында 2 (493 см) сантиметрге төмендеген.
Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы гидробекетте су деңгейі кейінгі тәулікте өзгермеген (494 см).
– Жайықтағы су деңгейі Бәйтерек ауданы Январцевте 436 ( 2, қауіпті шегі – 1 мың см), Орал қаласында 358 ( 4, 850 см), Көшімде 371 (-1), Ақжайық ауданы Мерген ауылында 554 ( 3), Тайпақта 326 ( 6) сантиметрді көрсетті. Басқа өзендердің арыны қайтты. Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа бұрынғыша секундына 15 текше метр су жіберіліп жатыр, - деді Т. Шапанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Иреклі қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі 15 текше метрге дейін азайтылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).