Батыс Қазақстан облысында жер комиссиясы таратылды

Фото: Freepik

ОРАЛ. KAZINFORM — Елімізде жер қатынастары саласындағы рәсімдерді оңтайландыру мақсатында жер комиссиялары таратылып, оның қызметі толық цифрлық форматқа көшіріледі.

Осыған орай БҚО әкімдігінің қаулысымен облыстық жер комиссиясының жұмысы тоқтатылды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сәйкесті іс-шаралар өңір аудандарында да жүргізіліп, аталған органдар таратылады.

Қазіргі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер телімдерін электронды түрде өткізуге мүмкіндік беретін жаңа платформа әзірлеп жатыр.

- Барлық рәсім автоматтандырылған соң азаматтар жерге қатысты мемлекеттік қызметтерді ХҚКО арқылы немесе электронды форматта өтінім беру жолымен ала алады. Үміткерлерге комиссия отырыстарына қатысу немесе қосымша құжат жинау қажеттілігі болмайды, - делінген ресми ақпаратта.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, 2022-2025 жылдар аралығында аймақта пайдаланылмай жатқан 751,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 462,5 мың гектары конкурстық рәсімдер және халықтың жерге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында қайта айналымға енгізілді.

Биыл 60 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Барлық іс-шара қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 122 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталғанын жазған едік.